Қылмыс

Облыс орталығында 5 келі героинмен 3 қала тұрғыны ұсталды

Аса ірі көлемдегі есірткі жүк көлігінен табылған. Машина жедел-іздестіру шараларының барысында Интернационал және Театр көшелерінің қиылысында тоқтатылады.

Галина Жолымбетова – СҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының инспекторы:

– Тінту барысында көліктің артқы орындығынан спорттық сөмкеге салынған дәмдеуіштер табылды. Бұл қораптардың ішіне 7 түйіншек жасырылған екен. Олардың әрқайсысынан ақ ұнтақ болды.

Сот сараптамалық экспертизаның қорытындысына сәйкес аталмыш заттың героин екендігі анықталды. Оның жалпы салмағы 4 келі 975 граммды құраған. Операция басыныда көлікте 3 азамат болған. Күдіктілердің барлығы облыс орталығының тұрғындары болып шықты. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Қазір есірткі затының облыс аймағына қайдан жеткізілгені тексеріліп жатыр.

–  Меня задержали в машине, у меня была сумка. Мне дали ее передать.

Факті бойынша ҚР ҚК 297 бабы, 3-бөлімі “Аса ірі көлемдегі героин сату әрекетіне” қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Бұл бап бойынша күдіктілер 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалпы, жыл басынан бері өңірде есірткімен байланысты 150 қылмыс тіркелген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 70 келі улы зат тәркіленген.

Молдир Макишева