МТРА жаңалықтары

«Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Бүгіндері өңірдің мәдениет саласы қарқынды дамуда. Биылдың өзінде теріскейде 20 нысанның тұсауы кесілмек. Солардың бірқатары жақын күндері Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылатын болады. 2009 жылдан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша теріскейдің мәдени ошақтарына жұмыс істеуге небары 64 жас маман келген. Мұны басқармадағылар жалақы мөлшерінің мардымсыз болуымен түсіндіруде.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Біздер оқу бітірген жастарды ауылды жердегі мәдениет орындарына тартып жатырмыз. Жұмыс істеуге құлшынып отырғандар бар. Бірақ еңбекақының көлемін білгенде олардың қатары біраз сейіледі. Жалпы саладағы жалақы деңгейі төмен. Сондықтан жастар елді мекендерге еңбек етуге баруға құлықсыз. Бұл проблема бұрынна айтылып жүр.

Биыл Аққайың аудандық және С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Петропавлда Қожаберген жыраудың ескерткіші пайда болады. Облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасыныдағылардың айтуынша, алдағы уақытта Ботай қонысында мұражай кешен тұрғызу жоспарда бар. Ол республикалық бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Саладағы осындай жаңалықтарды естіген қоғамдық кеңес мүшелері бір қуанып қалды. Бірақ туындаған сауалдар да аз болмады. Олар ауылдық жерлерде мәдени орындар ашылып жатыр, бірақ олардың қаншалықты сұранысқа ие екендігін ешкім анықтаған жоқ дейді. Тағы кеңес мүшелері мұражайлық экспедиция жұмысы қайтадан жандаса екен деген тілектертін білдірді. Бұдан соң, жиында Елбасының бастамасымен қолға алынған 7-20-25 бағдарламасы сөз болды.

Шынар Баширова – «ҚР Ұлттық Банкі» ММ СҚОФ бас маманы:

 


–  Бағдарлама бірнеше кезең бойынша жүзеге асыралатын болады. Бұл ретте оператор қызметін Ұлттық Банк құрған «Баспана» ипотекалық ұйымы атқарады. Ең алдымен баспаналы болуды армандайтын тұрғындар алғашқы жарна, яғни пәтер құнының 20 пайызын жиюуы тиіс. Кейін тиісті құжаттармен банке несие алуға келеді. Өтініш мақұлданған жағдайда, 7 пайыз жылдық мөлшерлемемен 25 жылға дейін ипотека беріледі. Сондықтан бағдарламаға қатысамын дегендер қарпайым шарттарды ескергені абзал. Азаматтың міндетті түрде табысы болуы тиіс. Ол 6 ай ішіндегі зейнетақы жарналары мен салық төлемдері және жұмыс орнынан алынған анықтамамен дәлелденуі тиіс.

Бұдан бөлек азаматтың ел аумағында жылжымайтын мүлігі мен мойынында ипотекалық несиесі болмағаны абзал. Бағдарлама жайлы толығырақ ақпарат алғысы келетіндер Ұлттық банктің сайтына жүгіне алады.

Магжан Ахмадина