МТРА жаңалықтары

Сот жүйесі қолжетімді бола түсті

Су жаңа кеңсенің таспасын облыстық сот төрағасы Ерлан Айтжанов кесті. Фронт-офис құқықтық қызмет көрсету орталығы, кеңсе және мәжіліс залынан тұрады. Мұнда солтүстікқазақстандықтар білікті адвокат, заңгер және ХҚКО мамандарының көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ, даулы мәселелердің екі тарапқа да қолайлы шешімін көрсету үшін кеңседе медиаторлар жұмыс істейді. Мамандардың бірінші консультациясы тегін. Тағы фронт-офисте сот шешімдері және өзге де нормативтік құжаттарды бірнеше минуттың ішінде алуға болады. Заманауи қондырғылармен жабдықталған офис “Үлгілі сот” бағдарламасының аясында ашылып отыр. Оны ҚР Жоғарғы соты бекіткен. Бұл бастама отандық сот жүйесін халықа қолжетімді етуді көздейді. Әзірге Қазақстан бойынша мұндай кеңселердің саны үшеу.

Камила Дюсенова – СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының кеңсе меңгерушісі:

– Кең зал халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттары бойынша атқару техникасымен жабдықталған. Мұнда медиаторлар, адвокаттар мен іс тараптарының материалдарымен танысуына арналған жеке кабинет жасақталған. Фронт-офистің міндеті – сотқа келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасау: мұнда барлығы да ұсақ-түйекке дейін ойластырылған.

 

Саят Ермек