Білім

Өңірде ҰБТ-да ең жоғары ұпай 135

Рауан Меркеш – “Білім-инновация” лицейінің түлегі. Ол облыс бойынша биылғы ұлттық біріңғай тестілеуден ең жоғары ұпай жинаған. Яғни, маңызды сынақта 140 сұрақтың 135-іне дұрыс жауап бере алды. Бозбала мұндай нәтижеге тыңғылықты дайындықтың арқасында қол жеткізгендігін айтады.

Рауан Меркеш – “Білім-инновация” лицейінің түлегі:

– Мен 135 балл алғаным туралы естігенде өте қуанышты болдым. Бұл ата-аналарым, туған-туыстарым мен достарымның қолдауының арқасында деп ойлаймын. Жалпы сынаққа бір жыл көлемінде дайындалдым. Мектептегі тестілеу барысында 120-125 ұпай алатынмын.

Енді Рауан Астанадағы университеттердің біріне түсуді жоспарлап отыр. Таңдаған мамандығы – тіс дәрігері. Бұл мамандыққа Қазақстан бойынша 6 грант бөлініпті. Жалпы қала бойынша биыл ҰБТ-ді 1069 түлек тапсырды. Сынақтың орташа нәтижесі – 81 балл. Ал аудан бойынша бұл көрсеткіш 78-ді құрайды.

Айдос Мұқатаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

– Бірінші күні 583 адам, екінші күні 580 адам тестілеуден өтті. Жалпы ешқандай ескертулер жоқ.

Тестілеуден кейін 17 түлек аппиляцияға өтініш берген. Ал 49 түлек сынақта жоғарғы оқу орындарына түсуге талап етілетін 50 ұпайды жинай алмаған. Енді олар тамыз айында ақылы түрде қайта бақтарын сынай алады.

Айдос Мұқатаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

– Егер осы сынақтан өтпей қалса, оларды университетке шартты түрде аламыз. Кейін олар қаңтар айында қайта тестілеуден өтеді.

Айта кеткен жөн, биыл тест сұрақтары 70 пайызға жаңартылыпты.

Молдир Макишева