МТРА жаңалықтары

Кезекті әдеп жөніндегі кеңес өтті

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында алдымен Ғ.Мүсірепов ауданындағы баспана дауы талқыланды. Естеріңізге салсақ, бұл мәселе өткен кеңесте сөз болған-ды. Сол кезде ауданның бұрынғы әкімі Владимир Дудов пен оның орынбасары Алтыншаш Тайшабаева өз туыстарына пәтер алып бергендері үшін жазаларын алды. Ал енді олардың қарамағындағыларға қатысты іс қаралуда.

Серғали Түсіпов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары:


– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру барысында аудандық атқамінерлердің бірқатары ереже бұзушылаққа жол берген. Олар Мелехов пен Тайшабайға пәтер берерде бет бұрыс жасаған. Комиссия құрамында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Тоқпанов пен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Алмас Сүтемгенов те болды.

Бұл екеуі де кінәләрін мойындап отыр. Сондықтан кеңес мүшелері оларға қызметіне толық сай емес деген ескерту жасады. Ал отырыста ісі қаралуы тиіс мүсіреповтік тағы екі мемлекеттік қызметші бүгінгі отырысқа келмеген. Олардың бірі ауырып, бірі іссапарға кетіп қалған екен.
Бұдан соң жиында Тимирязев ауданындағы баспана дауы сөз болды. алдыңғысына қарағанда, бұл іс шытырманға толы.

Сұлтан Магомедов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:


– Ағымдағы жылдың сәуір айында аудан тұрғыны Нұрбаева үйінің құжаттары берілмегені жөнінде Тимирязев ауданының әкіміне шағым түсіреді. Ол өткен жылдың 8 тамызында аудандық тұрғын үй қорынан пәтер алған екен. Оған баспана кілтін Тимирязев аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Самат Байғожин беріпті. Бір қызығы, арнайы коммисия Нұрбаеваға бұл пәтерді беру жөнінде шешім шығармаған. Ал үй кезегінде осы азаматшаның алдында әлі 5 адам болыпты. Кейін анықталғандай кезекте тұрғандарға бұл пәтер көрсетіліпті, алайда ол дымқыл болғандықтан тұрғындар одан бас тартқан. Кейін Самат Байғожин оны Нұрбаева көрсетемін деп пәтер кілтін беріпті. Ал азаматаша үйге кіріп алған.

Мемлекеттік қызметші жіберген қателігін кеңес мүшелеріне түсіндіре алмады.

Ғалым Тұрсынбаев – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Сіз ең алдымен бұл азаматшаға пәтер кілтін бермеу керек едіңіз. Өйткені, заңнамаға сәйкес, үй тек комиссияның мақұлдауынан соң беріледі. Ал бұл жерде Нұрбаева комиссияда қарастырылмаған. Сондай-ақ, сіз бұл факті жайлы орныңызға келген адамға ескерту керек едіңіз. Бірақ оны жасамадыңыз. Мұның үстіне, нақ осы ауылдық округке әкім боп отырсыз. Енді азаматша заңсыз пәтерді иемденіп алған болып шықты. Алдағы уақытта оны босатуы тиіс.

Ауданда осындай шу шығарған бүгінгі әкім қызметіне толық сай емес деген тәртіптік жаза кесілді. Атың шықпаса жер өрте демекші, келесі тимирязевтік атқамінер де заңды белшесінен басып, күллі елге танылған. Целиный ауылдық округінің әкімі Ақан Қойшыбаев ащы ішімдікке тойып алып, тәртіп сақшыларының назарын өзіне аударған.

Нұргүл Қахабаева – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:


– Оқиға үстіміздегі жылдың сәуір айында орын алды. Ақан Қойшыбаевті қалалық желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Петропавл станциясында ұстап алып, әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салады. Сол кезде ол 1 бөтелке сыра іштім деген. Бірақ жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде оның орта деңгедейде мас күйінде болғандығы анықталды. Ол жұмыссызбын деп жалған ақпарат берген.

Жиынға келген атқамінер айыппұлын бүгіндері өтегендігін айтты. Алайда кеңес мүшелеріне тәртіп сақшыларының назарын өзіне қалай аударғандағын айтуға ұялған болар, үндемеді.


Атқамінер сүрініп құладым деп ақталса да, экспертиза басқа шешім шығарып отыр. Оны әдеп жөніндегі кеңес төрағасы оқып берді.

Ғалым Тұрсынбаев – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Әрі қарай оқимын. Азамат өз еркімен жүре алмады. Бұл экспертиза қорытындысы. Онымен сіз келісіп отырсыз. Өйткені сотта бұл шешімге қарсы шыққан жоқсыз. Бұл сіздің кінәлі екеніңізді дәлелдейді. Әкім жерде жатты деген сұмдық екен.

Атқамінердің мұндай қылығы әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шамына тиген болар, олар бірауыздан Целиный ауылдық округінің әкімі Ақан Қойшыбаевты қызметінен босату туралы шешімді қолдады. Енді оны іске асыру Тимирязев ауданының әкімі Ербол Сағдиевтің қолында. Жалпы әдеп жөніндегі кеңесте 24 сауал қаралды. Солардың 5-уі тәртіптік істер болды.

Мағжан Ахмадина