Қазір М.Әуезов және С.Мұқанов көшелерінің бойында жылу желілерін ауыстыру және қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Іспен Раушан Кшукова бастаған бригада айналысуда. Олар ұзындығы 160 метрді құрайтын ескі құбырларды қаптауға кіріскен. Жұмыста пенополиуритан материалы қолданылады. Бұл заманауи орама ескі құбырлардың шіруін тоқтатып, жүйедегі қысымға төтеп беруге септеседі. Оның үстіне, жылудың шығындары да әлдеқайда төмендейді екен.
Раушан Кшукова – Петропавл жылу желілері” ЖШС мастері:
– Бұл материалмен жұмыс жасау өте ыңғайлы. Оны Ресейдің Челябі қаласынан әкелеміз. Жалпы аталмыш шаруаны тындыру үшін учаскіде 3 адам жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстың 103 пайызын орындадық.
Сондай-ақ, құбырлардың диаметрі 200-ден 300 мм-ге дейін кеңейтіліп жатыр. Бұл жұмыстар шамамен 10 күннен соң аяқталмақ. Жалпы биыл ұзындығы 11 шақырым болатын жылу желілерін қайта жөндеу және 12 шақырымды құрайтын құбырларды ауыстыру көзделген. Осыған орай инвестициялық жобасының аясында қайта қалыпқа келтіруге 460 млн, ал күрделі жөндеуге 445 млн қаржы бөлініпті.
Александр Захарьян – “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:
– Жөндеу жұмыстары басталмас бұрын, құбырлардың қысымға шыдамдылығы тексеріледі. Ол үшін арнайы техниканың көмегімен жылу желілеріне 18-20 келіге дейін қысым түсіреміз. Ақау шыққан жерлерге қайта жөндеу жүргіземіз. Жалпы қала бойынша аталмыш жұмыстарды жүргізу үшін 45 техника тартылды. Қазіргі уақытта жоспарға енгізілген жылу желілеріндегі шаруаның 35 пайызы еңсерілді.
Жалпы мұндай жұмыстар қаланың 8 учаскісінде жүріп жатыр.
– Маусымның 1-нен бастап Гашек көшесі бойында да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы 500 метрлік құбырдың тең жартысы жаңасына ауыстырылды. Енді аталмыш жұмысты мамандар шілденің ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Мұнда 2 бригада еңбектеніп жатыр. Барлық шаруа аяқталғаннан соң бұл жерде “Құрылысшылар” саябағы ашылмақ. Жалпы қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу жүйелерінің тозу көрсеткіші 60 пайызды құрап отыр.
Молдир Макишева