МТРА жаңалықтары

Жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысы таразыланды

Солтүстік Қазақстан облысы тек алтын астыққа ғана емес, пайдалы қазбаларға да бай өңір. Қазір осы кенді өндіру саласында теріскейлік 70 шақты кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Алайда, барлығы бірдей өз міндеттерін қажетті деңгейде орындап жатқан жоқ.

Арман Оразғұлов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а.:


– «Фирма строитель» ЖШС келісімшартта көрсетілген міндеттерін екі жыл бойы орындамай келеді. Сондықтан, кәсіпорынға келісімді бұзу туралы хабарлама жібердік. Дәл осындай жағдай «СМК Артель» және «BIKA» серіктестіктерімен де орын алды.

Қазір облысымызда қатты пайдалы қазбалар өндірілетін 30 кен орны бар. Дегенмен, жұмыс олардың тек 9-ында жүргізілуде.

Әлия Ержанова – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы:


– Біздің тау-кен өнеркәсібі құрылыс тасы, құм, балшық пен әктасты өндіруден тұрады. Тағы алтын мен уранның қоры да бар. Ал осы саладағы ең ірі жобамыз қалайы кенімен байланысты.

Соңғы екі жылда солтүстікқазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымына 80 млн теңгедей қаражат жұмсаған. Қаржының басым бөлігі Ғ.Мүсірепов ауданына тиесілі екен. Ал, айыртаулықтар бұл саланы мүлдем қолға алмағандар көшін бастап тұр.

Лəтипа Төлепенова – СҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары:


– Бірінші маусымға дейін өңір дамуына серіктестіктерден 16,2 млн теңге көлемінде қаржы түсті. Соның ішінде Ақжар ауданы – 250 мың, 14 мың Қызылжар және 12 млн. теңге Ғ.Мүсірепов ауданына тиесілі.

Өңіріміздің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының бірі – «Казросресурс» серіктестігі. Кәсіпорын 2011 жылдан бері Есіл ауданындағы кен орындарын игеріп келеді. Құрылыс тасын қазумен айналысатын компания қосымша іріктелген қиыршық тасты өндіріп, саудаға шығарып жүр. Былтыр өңірдің дамуына серіктестік 4 млн. теңгеден астам қаржы бөлген.

Елена Медведева, «Казросресурс» ЖШС бас есепшісі, Есіл ауданы:


– Біз өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрдайым қаражат құямыз. Бұған қоса, жергілікті білім ошағына демеушілік көмек көрсетеміз. Биыл Жарқайың елді мекеніне апаратын жолдың 7 шақырымын қалыпқа келтірдік.

Қазір жер қойнауын пайдаланушылардың басты мақсаты – кен өндіру қызметінің ашықтық бастамасын дамытып, осы салаға қажетті болашақ мамандарды дайындау үрдісіне ат салысу.

Эльмира Сәдуақасова