Аптадағы маңызды жаңалықтар

Омбы облысының делегациясы Новоникольское ауылына барды

Омбы облысының делегациясы алдымен “Зенченко и К” КС мақтанышы – сүт фермасын аралады. Бүгінде мұнда неміс сиырлары баптала бастаған. Америкадан жеткізілгендеріне қарағанда бұлар теріскейге тез жерсініп, ақты молынан беретін көрінеді. Өздерінде ірі қара баптайтын омбылық кәсіпкерлер жерлестерімізден өнімнің өзіндік құны, тауарды өткізу нарығы мен табыс жағын сұрап білді.

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС бас директоры, Қызылжар ауданы:


– Өзіміздің сүт зауытымыз бар. Сондықтан, логистикасына дейін ойластырылған толық кластер жұмыс істейді. Шикізатты өндіреміз де, оны зауытқа жөнелтеміз. Сол жерде ақты өңдеп, көлікпен түрлі өңірлерге жеткіземіз. Мәселен, Астанаға күнделікті 40 тонна сүт дайындаймыз. Қорған облысына тағы 6-7 тоннасы аттанады. Петропавлда қалатыны 18 тонна. Өзіндік құны шамамен 85 теңгеден айналады.

Жергілікті атқарушы билік те өз көмегін көрсетуде. Мәселен, өзге өңірлерде сүттің литріне 25 теңгеден субсидия төленсе, біздегісі 30 теңге. Кәсіпкер ауылдың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарды орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтуды да сөз етті. Бұрындары қазандықта 5,5 мың тонна көмір жағылса, бүгінде жанғыш материалды 3 мыңға дейін азайтуға мүмкіндік туған. Өйткені, қатты отынның орнына мұндағылар зығырдың сабанын қолданады. Серіктестіктегілер мұндай отынды былтырдан іске жаратып, артықшылығын байқаған.

Кумар Аксакалов, аким СКО:


– Сабанды ұсақтап, шағын фракцияларға престтеуге болады. Осылайша оларды жеке шаруашылықта да қолданған ыңғайлы. Шағын пешке бұдан соң көмірдің де қажеті жоқ. Өте үнемді, оның үстіне күлін де шығармайсың. Өйткені бәрі жанып кетеді.

Ал мынау – 50 басқа шақталған сүт сауу орны. Бұл жерде небары 4 сауыншының күші жеткілікті. Олар шаруашылықтағы 950 сиырдың бәрін сауып үлгереді. Сүт бірден өңдеуге жіберіледі. Шыққан өнімнің сапасын омбылықтар өздері татып көрді.

Анна Пикуль, исполнительный директор ООО “Агентство делового туризма и мероприятий “Моментум”, г.Омск:


– Кәсіпорын тамаша екен. Айран мен қатықтың дәмі тіл үйіреді. Омбыда осы өнімдер сатылатын дүкендерді іздейтін боламын.

Меймандар бұзаулар бапталатын орын, бордақылау алаңдары мен ат қорасын да көре алды. Соңғысында түрлі аламандарда жүлде әкелген өңкей сәйгүлік, тұлапрлар күтіп-бапталады.
Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жергілікті тұрғындардың сауалатты өмір салтын ұстанып, уақыттарын пайдалы өткізулеріне бар жағдайлар жасалған. Мұнда волейбол, баскетбол, алаңдары мен жаттығу орнынан бөлек, бассейн де бар. Күнделікті мұнда 250 оқушы мен 100 шақты балабақша тәрбиеленушісі келеді. Ауылдық мәдениет үйінде де түрлі үйірмелер жұмыс істейді.