Мәдениет

М.Жұмабаевтың мерейтолық шараларына қатысатын ғалымдар келді

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімі орынбасары:


– 25 маусым М.Жұмабаевтың ресми туған күні. Осыған орай, ертең ақынның кіндік қаны тамған жері Сарытомар ауылына барып, кигіз үй тігіп, той жасамақшымыз.

Мағжанның ұлы тойына келген қонақтар – кілең ақынды пір тұтып, ұлылығы мен дарынына бас иетін жандар.

Дүйсен Қасейінов – ТҮРКІСОЙ ұйымының бас хатшысы:


– Ақиық ақын Мағжанның тойын Баку қаласында, Қырғыстанда, тіпті Солтүстік Кипрде де атап өту жоспарлануда. Осы жылдың аяғына дейін басқа елдерде мерекелік іс-шаралар өткізбекпіз.

Өңірімзге арнайы келген мағжантанушылардың арасында Түркияның астанасы Анкарадағы ГАЗИ университетінің оқытушысы – Хюлия Касаболла да бар.

Хюлия Касаболла – ГАЗИ университетінің оқытушысы, Түркия:


– Мағжанның туған жерінде, ауылына келгеніме қуаныштымын. Осы мерейтойға шақырғандарыз үшін рахмет. Мереке құтты болсын!

Мағжанның 125 жылдық мерейтойына арналған шаралар ресми түрде маусымның 23-інде бастау алмақ. Бүгінде шаһарымызға салтанатты шараларға қатысатын меймандардың алды келіп жатыр. Елімізге белгілі ғалымдар, мағжантанушылар мен шетелдік қонақтардың алғашқы легін арна тілшілері де қарсы алды.

Бүгін вокзалда да қарбалас. Жерлестеріміз Астанадан келе жатқан құдайы қонақтарды күтіп алуға асық. Пойыз вогондарынан түскен меймандарды теріскейліктер дәстүріге сай қазақтың киелі домбырасының үнімен қарсы алды.

Меймандар бауырсақтан дәм татып, өздерін сән-салтанатпен қарсы алған Қызылжар өңіріне ыстық ықыластарын білдірді. Бұл қонақтар да ақынның 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын іс-шараларға арнайы келіп отыр.

Ұлықбек Есдәулет – Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы:

– Мағжан Жұмабаевқа арналған бұл шара жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Сарытомарда бірқатар шара өтеді соған қатысамыз.

Ақын, жазушы Бақытжан Тобаяқов М.Жұмабаевтың шығармашылығын 15 жасынан танып, зерттеп жүр екен. Азамат ақиық ақынның туған жеріне осымен 3-ші рет ат басын тіреді.

Бақытжан Тобаяқов – Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері:

– Бірінші рет Е.Бөкетовтың 80 жылдығына, 2-ші рет университет қабырғасында өткізілген шараға келдім. Енді міне Қызылжарға 3-ші сапарым.

Енді меймандар ақынның кіндік қаны тамған жерге барып, әдебиет майталманының 125 жылдығына орай ұйымдастырылатын шараларға ат салыспақ.

 

Молдир Макишева