Спорт

Жерлес кикбоксшы әлем кубогынан жеңіспен оралды

Шілденің 14-і мен 17-сі аралығында өткен дүбірлі дода әлемнің 36 елінен 400-ге жуық спортшының басын қосты. Қазақстаннан Әлем Кубогына 14 кикбоксшы қатысып, 11-і жүлделі орындарға ие болды. Олардың арасында – теріскейлік спортшы Евгений Павлов та бар. Әлем Чемпионын қарсы алу үшін спорт сарайының алдына бозбаланың туған-туыстары мен жора-жолдастары жиылды. Көп ұзамай Евгенийдің өзі де келіп жетті.

Жерлесімізді ең алдымен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин қарсы алып, жеңісімен құттықтады. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшы жарыста 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Жалпы бұл оның кикбокстан халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі.

Евгений Павлов – кикбокстан әлем чемпионы:

– 400 спортшының арасынан чемпион атану мен үшін үлкен дәреже. Жеңісіме өте қуаныштымын. Әлем Кубогына бірінші рет қатыссам да, өз күшіме сенімді болдым. Жалпы бұл спорттың түріне ден қойғаныма 10 жылдың жүзі. Осы аралықта бірнеше мәрте республикалық чемпионаттар мен жарыстардың жүлделерін еншіледім.

Әлем Кубогында Евгений 3 кездесу өткізді.

Денис Языков – бапкер:

– 3 кездесудің біріншісі – италиялық, екіншісі – мавритандық және үшіншісі – ресейлік спортшымен өтті. Соңғысын ол техникалық накутпен жеңді. Жалпы бұл жарысқа шамамен 1 ай көлемінде дайындалдық. Евгенийдің жеңетініне сенімді болдым. Себебі, ол әрқашан өзінің көздеген мақсатына жетеді.

Көп ұзамай жерлес спортшы қыркүйекте Италияның Венеция қаласында өтетін Әлем Чемпионатына дайындығын бастамақ.

Молдир Макишева