Білім

Теріскейлік түлектер ҰБТ тапсыра бастады

Таңғы 7-ден қаз-қатар сап түзеген мына жастар сәлден соң ұлттық біріңғай тестілеу тапсырмақ. Олардың денін қаламыздағы білім ошақтарының түлектері құрайды. Сонымен қатар, араларында Аққайың, Қызылжар мен Мамлют ауданынан келген ұл-қыздар да бар. Солардың бірі – Смирнов №3 орта мектебін жуырда тәмамдаған Әлішер Халил. Бозбала Астана мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсуді қалайды. Жерлесіміз бүгінгі сынақтан сүрінбей өтіп, арманына жететініне сенімді.

Әлішер Халил – Смирнов №3 орта мектебінің түлегі, Аққайың ауданы:

– Мектепті “Қызыл аттестатқа” тәмамдаған баламын. Бұған дейінгі пробныйларда 120-125 балл жинап жүрдім. Бүгінде жоғары ұпай жинарыма сенімдімін.

Біреулері өз білімдеріне нық сенімді болса, өзегелерінің бойын үрей билеп, қобалжып тұрғандарын айтады.

–  Түні бойы ұйықтаған жоқпын. Уайымдадым.

– Қобалжу бар. Аздап қорқып тұрмын.

– Барлық түлектерге сәттілік тілейм.

Міне, түлектер қобалжыған тестілеудің басталар сәті де жетті. Ұл-қыздар сағат тілі 8-ге жақындағанда 5-ші оқу корпусының ішіне кіргізіле бастады. Жастарды дәлізде мамандар мұқият тексерді. Олар металл анықтағыш арқылы телефон, рация сынды рұқсат етілмеген заттарды іздеді. Нәтижесінде ескертуді елемегендерден байланыс құралдары табылып та жатты.

Айдос Мұқатаев – мемлекеттік комиссия төрағасы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Бала болғаннан кейін енді әр түрлі жағдайлар болады. Жаңа ғана 30 шақты телефон табылды. Қазіргі уақытта жастар аудиторияларда отыр. Тестілеу барысын ата-аналар онлайн трансляция арқылы көре алады.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры айтып тұрған онлайн трансляция 6-шы оқу корпусында жүргізілді. Бұл жерден емтихан барысын кез-келген адам көре алды.

–  Журналистерді ҰБТ өтіп жатқан аудиторияға кіргізбеді. Дегенмен, біз түлектердің ата-аналары, туған-туыстарымен бірге маңызды емтиханды мына үлкен экрандардан көруге мүмкіндік алдық. Оған қоса бөлме ішіндегі жағдайды ұялы телефоннан да тамашалауға болады. Ол үшін www.nkzu.kz сайтына кіру қажет.

Ата-аналар үлкен экран мен ұялы телефондары арқылы сынақты кірпік қақпай бақылады. Олар да бауыр еті балалары құсап уайымдап тұрғандықтарын жасырмады.

Шынар Ғалиева – ата-ана:

– Өзім өте қатты қобалжып тұрмын. Қалай бәрі өтетіндігін уайымдаймын. Ұлыма және басқа да балаларға сәттілік тілеймін.

Міне, көзді ашып жұмғанша белгіленген уақыт та өтіп кетті. Қазір тестілеу тапсырған түлектердің алғашқы легі сыртқа шығып жатыр. Олардың кейбірінің жүзінде реніш байқалады. Ал, енді бірі қуанып жүр.

Аяулым Мұхаметжанова – “Парасат” мектеп-лицейінің түлегі, Қызылжар ауданы:

 


–  Сынақты тапсырдым. Таныс емес сұрақтар кездесті. Жақсы ұпай жинадым деп ойлаймын.

Айта кетейік, бүгін солтүстікқазақстандық 1100-ден аса талапкер өңіріміздің 8 пунктінде ҰБТ тапсырды. Бұл түлектердің алғашқы легі ғана. Енді, 23-ші маусымда қалған жастар мектеп қабырғасында жиған білімдерін сынамақ. Ол күні
1500-ден астам ұл-қыз тестілеуден өтпек.

Байболат Култанов