Бизнес және экономика

Омбылық бизнес делегация жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті

Теріскейлік және омбылық кәсіпкерлердің басын қосқан бұл кездесу көршілермен нығыз әріптестік орнатуға бағытталған. Бүгінде Солтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс 300 млн доллардан асады. Алайда, екі жақ сауда нарығын әлі де кеңейтпекші.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазақстандағы тауар айналымының 60 пайызы Ресейге тиесілі. Біз әлемнің көптеген елдерімен әріптестік орнаттық. Десе де Ресейдің орны бөлек. Бүгінгі бизнес кездесуіміз нәтижелі болады деген ойдамын.

Ольга Федулова – Омбы сауда-өнеркәсіп палатасының президенті, РФ:


– Омбы облысы мен Солтүстік Қазақстан өте жақын орналасқан, әрі екі өңір шекарасының ұзындығы 1000 шақырымнан асады. Сондықтан, осындай географиялық жағдайды пайдаланып, бизнес әріптестік арқылы қарым-қатынасымызды нығайта түсу маңызды.

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар және туризм. Теріскей мен Омбы келіссөздерді осы бағыттарда жүргізді. Мәселен жергілікті Киров атындағы зауыттың қорғаныс және темір жол салаларына арнап өндіретін тауарлары Қазақстандық нарықта үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі кездесуді пайдаланып зауыт басшылығы көрші ел кәсіпкерлерін де өзіне тартпақшы.

Қайрат Әлібеков – “Киров атындағы зауыт” АҚ басқарушы директоры:

– Ресейдегі кәсіпорындардың озық тәжірибесін өзімізге алып, ендіріп, қазақстанды сапалы өніммен қамтығымыз келеді.

Ал мына жерде екі өңірдің туризм саласының өкілдері – кілең бизнес-леди келіссөз жүргізіп жатыр. Мұндағы полемиканың мақсаты – теріскейдің шұрайлы табиғатына Ресейлік демалушыларды жаппай тарту. Қазірдің өзінде өңірге ат басын тірейтін шетелдік туристердің 89 пайызын ресейліктер құрайды. Дегенмен, олардың санын арттыру үшін көрші өңірдің туристік агенттіктерімен тығыз қатынас орнату керек.

Марина Гиниятулина – “Солнечное VIP” демалыс базасының директоры, Айыртау ауданы:

– Біздің базаға келетін жандардың 40 пайызы ресейліктер. Негізі бір маусымда 4-5 мың адам қабылдаймыз. Бірақ, бұл бізге аздық етеді. Табиғат аясындағы демалыс үшін барлық жағдайлар жасалған. Соңғы үш жылда ескі базаны жаңғырттық. Сондықтан көрші ел бұдан құлағдар болып, бізге ағылса дейміз. Омбылықтар ұсынысымызды қолдайды деген ойдамын.

Айыртаудағы Шалқар-Имантау курорттық зонасында орналасқан “Солнечное ВИП” демалыс базасын Марина Гиниятулина Омбылық “Магнолия” туристік агенттігінің директорына таныстырды. Мұндағы инфрақұрылым деңгейі мен тартымды табиғатқа таң қалған агенттік өкілдері бұл зонаны омбылық демалушыларға ұсынуға дайын.

Наталья Панченко – “Туристическое агентство “Магнолия” ЖШҚ директоры, Омбы облысы, РФ:

– Мен “Солнечное ВИП” базасы жайлы мүлдем білген жоқпын. Өзге шет елдерге ұшуға жағдайы жоқ туристер үшін таптырмас мекен. Табиғаты да тамаша. База директорымен байланысты үзбеймін, тіпті қазір-ақ келісім шартқа отыруға дайынмын. Себебі, демалыстың мұндай түрі бізде сұранысқа ие.

Ал Омбылықтар өздерінің тың ІТ технологияларымен бөлісуге дайын. Бізге көлік-логистика, тауар айналымы саласын сандық жүйеге көшіру керек. Себебі, өнімді Ресейлік өңірлерге экспортқа шығаруда қағазбастылық қаулап тұр. Ал бұл үрдіс Ресейде электрондық форматта жүргізіледі.

Александр Смирнов – “Aurora Digital Group” компаниясының директоры, Омбы облысы, РФ:

– Тауардың ірі партиясы жеткізілгенде, құшақ-құшақ жүкқұжат қағаздары бірге келеді. Кейін оның бәрін салыстырып, тексеруге уақыт жұмсалады. Бізде бұл үрдісті электрондық форматқа көшіретін ақпараттық жүйе бар. Бөлісуге дайынбыз. Бұл екі ел арасындағы тауар айналымын жеңілдетеді.

Белсенді келіссөздердің нәтижесі – теріскей үшін де, Омбыға да тиімді келісімшарттар болмақ. Олардың іске асуы – уақыт еншісі дейді кәсіпкерлер. Бастысы – басталған диалогты үзбеу керек.


 

Саят Ермек