Спорт

Петропавлда І-ші Халықаралық веложарыс өтті

Дүйсенбінің кешінде жаңбыр себелеп жауып тұр. Мұндай ауа райында сыңға түсу қиын. Дегенмен, табиғат құбылысы спорт десе ішкен асын жерге қояр шабандоздардың орталық алаңға жиылуына кедергі келтірмеді. Қос дөңгелекті көліктерін сайлап келген жерлестірімізді “Қызылжар-2018” веложарысының ашылуымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, бұл спорт түрінің өңіріміздегі дамуын сөз етті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Велоспорт біздің өңірде жақсы дамыған. Бұл спорт түрімен облыс тұрғындарының көпшілігі айналысады. Түрлі сайыстарда сынға түсіп жүрген жастардың да жетістіктері көңіл қуантады. Қазіргі таңда теріскейлік 21 азамат ел құрамасы сапында өнер көрсетеді. Мұның бәрі Александр Винокуров сынды атақты жерлесіміздің арқасы деп айтуға болады.

Лондон төрінде Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін асырған дәл осы атақты жерлесіміз теріскей жерінде І-ші мәрте ұйымдастырылып отырған халықаралық веложарысқа қатыспақ. Данықты спортшы туған өлкесінде осындай сайыстардың өткеніне дән разы. Ол мұндай додалар арқылы шабандоздар тәжірибелерін шындайтындығын айтады.

Александр Винокуров – “AstanaPro Team” командасының бас менеджері, Лондон Олимпиадасының чемпионы:

– Біз осындай жарыстар арқылы жастарды велоспортқа тартқымыз келеді. Одан бөлек, мақсатымыз – спортшылардың тәжірибесін арттыру болып табылады. Осы тұрған балалардың арасынан да Олимпиада чемпионы шығуы әбден мүмкін. Оған әрине қуанатын боламыз.

Көп кешікпей шабандоздар веложарысты бастап кетті. Сайысқа қатысушы еріктілер қалалық әкімдік маңынан жолға шығып, Жабаев, Гашек, Мир және Сүтішев көшелері бойымен жүріп өтті. Осылайша жерлестеріміз 5 шақырымды еңсерді. Міне, араға 20 минуттай уақыт салып, мәреге бірінші келгендердің де қарасы көрінді. Доданың қиын өткені көрініп тұр. Мұны теріскейліктердің бет-жүздері, киімдері мен велосипедтеріндегі саздан аңғаруға болады.

Шаһизат Жүсіп – веложарысқа қатысушы:

 

–  Жарыс өте жақсы өтті. Қаланың ішінде аса қатты жүрген жоқпыз.

Мәреге жеткендердің бәріне естелік медаль берілді. Бұдан бөлек, ұтыс ойыны кезінде Александр Винокуровтың сыйлықтары үлестірілді. Бағы жандарғандарға спорттық жейде, қолғап, көзілдірік сынды құнды заттар таратылды. “Қызылжар-2018” 1-ші халықаралық веложарысының соңы шағын концертпен аяқталды.

Култанов Байболат