Қоғам

Петропавлда биыл 8 көпқабатты баспана салынады

Мына панельді баспананың құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған болатын. Бүгінгі таңда оның 2 қабаты толықтай монтаждалды.

– Дәл қазір мына жерде қызу жұмыс жүріп жатыр. Шамамен 3-4 күннен соң тұрғын үйдің 3-ші қабаты дайын болмақ. Ол үшін 50-ге жуық жұмысшы таңнан кешке дейін талмай еңбек етуде.

“Нұрлы жер” бағдарламасының аясында тұрғызылып жатқан бұл баспананың құрылысына республикалық бюджеттен 617 млн. теңге бөлініпті. Көпқабатты үй 75 пәтерге шақталған.

Оксана Грибанова – “Пилон” ЖШС директоры:

– Тұрғын үйді осы жылдың тамызында тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Монтаждалған 2 қабатта қажетті су құбырларын, электр сымдары мен кәріз жүйесін тарттық. Осыған дейін 2015 жылы Мамлютка қаласында 320 адамға шақталған мектептің құрылысымен айналыстық. Сондай-ақ, “Лира” серіктестігімен бірлесіп кірпіш үй тұрғыздық. Ал панельдік баспана – біздің алғашқы тәжірибеміз.

Кеңес уақытында құрылыста қарапайым панельдер қолданылса, кейін керамзит конструкциялар іске жаратылған. Қазіргі таңда болса, үйлерді тұрғызу үшін сэндвич панельдер қолданылады. Бұрынғыларынан бір ерекшелігі – бұндай материалдардан тұрғызылған ғимарат суық өткізбейді. Себебі, оның 20 см-к жылу қорғағыш жамылғысы бар. Мұндай материалдың тағы бір тиімді тұсы бар.

Сергей Габатель – “Пиолон” ЖШС прорабы:

–  Тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстарына көп уақыт жұмсалмайды. Өйткені, үйдің қабырғалары тегіс. Сондықтан оларды бірнеше мәрте сылап жатудың қажеті жоқ.

Бұл баспананың дәл жанында тағы бір тұрғын үй салынып жатыр. Әзірге оның тек жертөле қабатының құрылысы аяқталған.

Сәрсембай Әубәкіров – “Golden Hause” ЖШС прорабы:

– Баспананың бір қабатын тұрғызу үшін 2 жұма уақыт жұмсалады. Материалдар тек мамырдың 4-і жеткізілген.

Тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттік қазынадан 576 млн. теңге бөлінген екен. Бұл баспана да 75 пәтерге шақталған.

Марина Кныш – “Golden Hause” ЖШС заңгері:

– Біздің серіктестік үйдің құрылысын 2017 жылы қараша айында басталған болатын. Мұндағы панельдер Қарағанды облысының Сарань қаласынан әкелінеді. Оны Петропавлға тасымалдау үшін көлік керек. Транспорттың жетіспеушілігінен мұндағы жұмыс біразға тоқтап тұрды. Сондай-ақ, құжаттарды ретке келтіру үшін де біраз уақыт жұмсалды.

Дегенмен, аталмыш нысанның құрылысы да жаз соңына аяқталып, пәтерлер халық игілігіне берілмек. Жалпы бүгінде қала бойынша тағы 650 пәтерлі 6 баспананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар 20-шы шағын аудан және “Жас өркен” ауданындарында орналасқан.

 

Мөлдір Мақшыева