Спорт

Петропавлда мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

Мемлекеттік қызметшілер алдымен, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап біліктіліктерін байқатады. Ал, мықтылықтары мен шапшаңдықтарын олар гір тасын көтеру, шағын футбол мен волейболда көрсетеді. Әр түрлі сала өкілдерінің басын қосқан спартакиада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті департаментінің ұйымдастыруымен өтуде.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


–  Спартакиаданың алғашқы күні, яғни сенбіде, “Мама, папа, я – веселая семья” атты көңілді старт ойындары өтті. Ал, бүгін қатысушылар спорттың 6 түрінен сынға түседі. Мемлекеттік қызметкер міндетті түрде дені сау, ойы сергек болу керек. Ол үшін үнемі спортпен шұғылданған жөн.

Уәлиханов ауданынан келген Данагүл Мұқарова бұл жарысқа үшінші жыл қатарынан қатысуда. Ол – үстел теннисінен түрлі деңгейдегі спорттық сайыстардың жеңімпазы. Сол себепті, бүгін де оқ бойы озық болатынына нық сенімді.

Данагүл Мұқарова – Уәлиханов ауданы әкімінің аппараты АХАТ бойынша құрылымдық бөлімшесінің басшысы:

– Біз әрдайым шынығамыз. Мұндай жарыстарға үнемі қатысамыз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Өткен жылғы жарыста үстел теннисінен біздің құрама 2-орынды иеленген. Биыл командамыз жеңіске жететіндігіне сенімдімін. Себебі, біз үнемі жоғары нәтежие көрсетіп келеміз.

Бір сәт жұмыстан босап, спортпен шұғылдануды дәстүрге айналдырған мемлекеттік қызметкерлер гір көтеруден де епті екендерін байқатты. Қазір мына алаңда Ақжар, Есіл және Айыртау аудандарының мамандары сынға түсуде. Сайыс тартысты өтті.

Тимур Мұқашев – Ақжар аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі:

– Өткен жылғы спартакиадада мен гір тасын көтеруден 2-ші орынды иеленген болатынмын. Биыл жеңіске жетемін деген ойдамын.

Жарыстың қорытындысы тек маусымның 22-сі белгілі болмақ. Ол күні барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары және құнды сыйлықтар табыс етіледі.


 

Альмира Жетпісбай