МТРА жаңалықтары

Инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғайтын кеңсе ашылды

Жергілікті кәсіпорындарға қаржы құйып, іс ашамын дегендер үшін өңірде жақсы жағдай жасалған. Оны шетелдің қалталы азаматтары жақсы біледі. Ендігі кезекте, инвесторлар үшін жұмыс жүргізу тіптен тиімді бола түспек. Облыста «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте сүйемелдеу» кеңсесі ашылып отыр.

Жанат Жұмабаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:


–  Біз инвест жобаларды басынан аяғына дейін сүйемелдеп отырамыз. Тағы мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамасыз етіп, бармақ басты көз қыстылыққа жол берілмеуін қадағалаймыз. «Қазақ Инвест» компаниясымен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Жалпы бұл жоба Елбасының бастамасымен қолға алынып отыр.

«Даму» қорының өңірілік филиалында ашылған кеңседе мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуі қамтамасыз етіліп қана қоймай, кәсіпкерлерге Қазақстандық заңдар жайлы кеңестер де берілмек. Мамандар бизнес саласында орын алатын сыбайлас жемқорлық фактілері өңірдің іскерлік әлеуетін төмендетеді дейді.

Нығмеджан Сапаров – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Бизнес саласындағы сыйбайлас жемқорлық фактілері негізінен лауызымды тұлғалардың жұмысында мөлдірліктің болмауынан туындайды. Ал кейде мемлекеттік органдар өз ісіне жүрдім-бардым қарайды. Бұл іскерлік әлеуеттің төмендеуіне әкеліп соғады. Соңғы 3 жылдың ішінде ғана біздің мекеме кәсіпкерлерге кедергі келтірудің 17 фактісін анықтады.

Айта кетейік, бүгіндері облысымызда шетелдік инвесторлармен 6 жоба жүзеге асуда. Солардың бірі – қытайлық “Тиелин Логистикс Инвест Ко” компаниясының қолға алып отырған жобасы.

Да Ли – “Tielin Logistics Invest Co” компаниясының өкілі, ҚХР:


–  Қазақстанда инвесторлар үшін жақсы жағдайлар жасалған. Сондықтан біздер екіжаққа да тиімді іс бастамақпыз. Біздің компания индустриалдық аймақ құрмақшы. Ол үш кезеңнен тұратын болады. Әзірге біздер құрама-жем және машина жасау зауыттарын тұрғызбақпыз. Кейін тағы бірнеше бағытта жұмыс жүретін болады. Қазір жер учаскесінің берілуін күтіп жүрміз.

Мұндай кеңселер еліміздің барлық өңірлерінде ашылуда. Инвесторлар жұмыс барысында қандай да бір кедергілерге тап болса, онда 1424 нөмірі арқылы колл орталыққа да хабарласып, базынасын жеткізе алады.

Магжан Ахмадина