МТРА жаңалықтары

Әскери институт офицер түлектердің кезекті легін қанат қақтырды

Алдымен алаңға Әскери институттың жауынгерлік байрағы шығарылды. Оқу орнына бұл туды 1997 жылы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыс еткен. Биыл Ұлттық Ұлан Әскери институты 18-ші жыл қатарынан түлектерін қанат қақтыруда. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін лейтенант ұлдарды айтулы күнмен Ішкі Әскерлер қолбасшысының орынбасары Альберт Маткаримов құттықтады.

Альберт Маткаримов, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері қолбасшысының орынбасары: аударма:


– Түлектердің бәрі мемлекеттік емтиханды сәтті тапсырып шықты. Енді 5 офицер – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, 2-уі – мемлекеттік қорғаныс қызметіне, ал біреуі ІІМ арнайы бөлімшелеріне қызметке аттанбақ. Түлектеріміз офицерлік корпустың жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлерін сақтап, жаңа реформаларды жүзеге асыруға атсалысып, еліміздің лайықты патриоттары болатынына кәміл сенемін.

Институт курсанттары бұл айтулы сәтті 4 жыл бойы күтті. Осынша уақыт олар ел қорғаны, білікті офицер болуға машықтанды. Енді салтанатты түрде дипломдарын қолдарына алып отыр. Бұл күні 201 курсант жоғары әскери білімін дәлелдейтін құжат пен лейтенант шенінің иесі атанды. Мақтанышпен ұлдарына әкелері, аналары мен туысқандары қарап тұр. Олардың көздерінде – қуаныш, жүректерінде – қобалжу.

– Ең үлкен немерем бітіріп жатыр. Отанға адал қызмет етсін.

– Қуаныштымыз. Барлығы жақсы болсын, аман болсын.

Кейін сайдың серке тасындай тізілген офицерлік колонналар салтанатты маршпен жүріп өтті. Шара концертпен жалғасып, соңында түлектер ақ көйлек киген бойжеткендермен вальс биледі.

Құттықтаулар, құшақтасу мен естелік суреттер. Бәрі мәре-сәре. Лейтенант атанған бозбалалардың бірі – Бағлан Оспанов. Ол – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Жас офицер әрі қарай өзінің борышын туған өлкесінде өтейтін болады.

Бағлан Оспанов – ҚР ҰҰ Әскери институтының түлегі:

– Мені Оңтүстік Қазақстан облысындағы өңірлік қолбасшылығына қызметке жіберді. Борышымызды абыроймен өтеп, елге қызмет етуге дайынмын.

Алда офицерлерді 1 айлық демалыс күтіп тұр. Кейін олар өздеріне белгіленген бөлімшелерге қызметке аттанбақ. Жалпы, Әскери Институтты тәмамдаған 201 түлектің 183-і – Қазақстан азаматтары. Қалған 18-і жоғары әскери білім алу үшін Петропавлға Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген. Қызметін олар өз Отандарында жалғастыратын болады.

Саят Ермек