Қоғам

Мүгедек балаларға арналған ойын-сауық эстафетасы өтті

Тәрбиешілер, аниматорлар және ата-аналар. Олардың барлығы бүгін қалалық “Green park” демалыс орталығында жиналған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ұйымдастырылған іс-шара экскурсиядан басталды.

Кейін балалар қызықты эстафетада бақтарын сынады. Сондай-ақ, жеткіншектер топтасып би биледі. Жалпы, қазіргі таңда “Солнечный дом” қоғамдық қорының қарамағына 50-ге жуық бала алынған. Денсаулықтарында кінәрат болса да, бұл ұл-қыздар өте дарынды. Бірі сурет салуды ұнатса, енді бірі қолөнерге әуес.

Анастасия Швец – “Солнечный дом” ҚҚ президенті:


– Солнечный дом ” ҚҚ-ғы 7 жасқа дейінгі балғындарды массаж бен бассейнге апарамыз. Ал, 7 жастан асқандар көркемөнер, музыка, хореографиямен айналысады. Балалармен жұмыс істеген уақытта үлкен жауапкершілік пен махаббат қажет.

Іс-шарадағы ерекше ұл-қыздардың арасында сал ауруына шалдыққан Алмаз Асриев бар. Бозбаланың бүгін туған күні, ол 18 жасқа толып отыр. Туған күн иесін мерекеге анасы ертіп келген.

Баян Асриева – Алмаздың анасы:


–  Бүгін қуанышты күн. Баламның туған күні. “Солнечный дом” ҚҚ-на 3 жылдай барып жүрміз. Онда Алмаз хореографиялық және сурет салу үйірмелеріне қатысады. Сондай-ақ, демалыс күндері баламмен бірге кинотеатрға, қуыршақ театрына барып тұрамыз. Бүгінгідей іс-шаралар көбірек өткізілсе жақсы болар еді.

Айта кету керек, аталмыш шара “Нұр Отан” партиясының “Кедергісіз келешек” жобасы аясында ұйымдастырылды.

Кеңес Мұқышев – “Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Біз балаларға “Счастливый день” агенттігімен бірлесіп, арнайы қызықты бағдарлама дайындап келдік. Эстафетаға қатысушы әрбір балғынға сыйлықтар мен мақтау қағаздары беріледі. Жоспар бойынша бүгінгі шараға 50 бала қатысу керек еді. Жеткіншектердің көбі жол жүріп кеткендіктен, 15 бала ғана қатысты.

Шара соңында ұйымдастырушылар балғындарға естелік сыйлықтар табыс етті.

Альмира Жетпісбай