Білім

Болашақ – білімді жастардың қолында

Аймақтық семинар-практикумның Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде өткізілуі бекер емес. Өйткені 60 жылдық тарихы бар қара шаңырақ білікті мамандарды даярлайтың өңірдегі алдыңғы қатарлы оқу орны. Биыл білім ошағын 250 студент тәмамдағалы отыр. Оның 70 педагогикалық, қалғаны техникалық мамандық иелері атанбақ.

Жеңіс Әбілмәжінов – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры:

– Елбасы өзінің жолдауында баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын ұсынды. Осы бағытта тиісті шаруаны атқарып, кез-келген жастағы адамды ақысыз оқытып жатырмыз. Атап айтатын болсақ біз автомеханиқ, электрмен жабдықтау сынды 11 мамандық түрі бойынша оқытамыз. Студентеріміз жергілікті кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп тұрады. Өндіріс ошақтарында жақсы қырларымен танылып, жұмысқа қабылданып жатқандары молынан.

Бәсекеге қабілетті техникалық қызметкерлерді даярлау үшін бірінші кезекте білікті ұстаздардың қатары көп болуы шарт. Міне, осы мәселе “Практикалық-бағдарланған тәсілдеме – болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру кепілі” атты аймақтық семинарда қаузалды. Бүгінде еліміздің әр қаласында дерлік шәкірт бойына сапалы білім нәрін сіңіретін педагогтар оқытылып жатыр. Бұл іспен астаналық “Кәсіпқор” холдингі де айналысады. Аталған ұйым колледж мұғалімдеріне заманауи оқытудың қыр-сырын үйретіп келеді.

Нұрдәулет Жанайдаров – “Кәсіпқор” холдинг” КЕАҚ кәсіптік білім беру орталығының жетекшісі, Астана қаласы:

– Өзіміздің модульдік тапсырмалар негізінде әзірлеген білім беру бағдарламаларымыз бар. Осыны оқу орындарына қалай ендіру керек, соны үйретеміз.

Бұған қоса, астаналық мамандар қазақстандық педагогтарға дуалдық білім беру жайын да үйретеді. Жалпы, биыл “Кәсіпқор” холдингі 5200 маманды оқытпақ. Оның 4900-і ұстаз, қалғаны білім беру ошақтарының басшылары. Жиын соңында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі мен Кеңес одағының батыры Анфиогенов атындағы қорған техникалық колледжінің басшылығы бірлескен меморандумға қол қойды.

Енді, осы келісім аясында қос тарап бірлескен шаралар ұйымдастырады. Болашақта студенттерді де алмасып оқыту қарастырылған.

Байболат Култанов