Денсаулық сақтау

Ақ халаттылардың күрделі қызметі

Саят Ермек – тілші:


– Ішіміз ауырса, тісіміз ауырса ең алғашқы баратын жан – дәрігер. Күн сайын олар денсаулықтағы түрлі ақауларды емдейді, науқастарды қалыпты өмірге қайтарады. Тек бұл күрмеуі көп күрделі қызмет жайлы сұрақ қойғанда олардың қайтаратын жауабы қарапайым – бұл біздің жұмысымыз.

Өздеріне артылған осындай жауапкершілікті күнделікті облыстық аурухананың ұжымы да абыроймен атқарады. Бұл емдеу мекемесінде бүгінде 13 бөлімше жұмыс істеп тұр. Барлығы мұнда 700-ге жуық медициналық қызметкер еңбек етеді. Олардың 103-і – біліктілігі жоғары дәрігерлер. Мұнда ақ халатты абзал жандардың дефициті байқалмайды, ал емдеу үрдісінде заман игіліктері белсенді пайдаланылады.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Оталарды пышақсыз жасауға тырысамыз. Көбіне лазердің, басқа да заманауи әдістердің көмегіне жүгінеміз. Себебі бұл науқастың тезірек оңалуына септеседі. Қазір бізде медициналық карталар мүлде жоқ. Пациент жайлы ақпарат электрондық форматта сақталады. Бәрі қолжетімді әрі оңай.


Ирина Зайнутдинова – аурухананың бас медбикесі. Орта және кіші медициналық персоналдың жұмысын бақылау – бұл нәзік келіншектің мойнында. Оның қарамағында 280 адам бар. Дегенмен, бұл ауыр, бірақ мәртебелі кәсіпті таңдағанына Ирина еш өкінбейді. Дертінен айығып, қалыпты өмірге қайта оралған пациенттердің алғысы – бас медбике үшін ең жоғары марапат.

Ирина Зайнутдинова – облыстық аурухананың бас медбикесі:

– Медициналық училищеге оқуға түсерде сауланама толтырған едік. Сонда мен медицна – өмірімнің мәні деп жаздым. Бұл салада жүргеніме биыл 23 жыл болды. Қарапайым қызметкерден бас медбикеге дейін өстім. Дегенмен, кәсіпке деген махаббат өшпек емес. Қазір Ресейлік университетте жоғарғы білім алып жатырмын, әрі қарай дамып, жетілсем деймін.

Саят Ермек – тілші:


– Қазір біз реанимация бөлімшесіндеміз. Мұндағы әрбір науқастың өміріне тікелей қауіп төніп тұр. Сондықтан мұнда әрбір минут, әрбір секунд маңызға ие. Дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігі де жоғары болуы тиіс. Себебі, жіберілген бір қателік науқастың өмірін қиюы мүмкін.

Инфаркт, инсульт, апаттан алған жарақаттар. Мұнда күллі теріскейден жеткізілген жағдайы ауыр жандар жатыр. Олар ерекше күтім мен сапалы медициналық қызметті қажет етеді. Ирина Грибкованың бұл салада 10 жылдық тәжірибесі бар. Дәрігер стресске төзімді, жүйкесі мықты. Бірақ, ауыр халде жеткізілген әр науқас үшін Иринаның қабырғасы қайысады.

Ирина Грибкова – облыстық аурухананың анастезиолог-реаниматолог дәрігері:

– Реанимацияда пациенттердің көбі жазым болып жатады. Яғни, аурудың асқынғаны соншалық, дәрігерлер де көмектесе алмайтын жағдайлар жиі болып тұрады. Бұл жеке мен үшін өте ауыр. Бірақ, үйдегі отбасым мен туғандарымның қолдауы көңілдегі қаяуды жеңуге сеп болады. Алайда, әр жанға соңына дейін қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Бұл – біздің міндетіміз.

Аурухана тек білікті дәрігерлер мен медбикелерден ғана тұрмайды. Қара жұмысты атқаратын қызметкерлер де бар мұнда. Санитарлар да күн сайын адам емдеу сынды абыройлы іске өз үлесін қосады. Бұл қызметкерлер бөлімшедегі тазалықты сақтайды, пациентке күтім көрсетуде медбикеге көмек көрсетеді. Тек қызмет қаншалықты ауыр болғанымен, жүрекке жақын дейді олар.

Салтанат Тұйғынбаева – облыстық аурухананың пульмонология бөлімшесі санитары:

– Мен пульмонология бөлімшесінде санитар боп істеймін. Жұмысым ауыр, бірақ өзіме ұнайды, қанағаттандырады.

Бір жылда облыстық аурухананың табалдырығын 10 мыңнан астам пациент аттайды. Оларды емдеп шығару – ақ халаттағы абзал жандардың міндеті. Ауруханадағы әр медициналық қызметкер сол міндетті абыроймен атқаруға тырысып жүр.


 

Саят Ермек