Бизнес және экономика

Айыртау ауданында жылыжай шаруашылығы дамуда

Имантау ауылында гүл бизнесін алғашқылардың бірі болып Омаровтар жанұясы қолға алған. Қазіргі таңда аталмыш кәсіп түрін Гульфия Омарова ұршықтай иіріп отыр. Осы істен көріп отырған пайдасы аз емес. Өсімдік баптауды әкесінен үйренген нәзік жанды қазір гүлдің 100-ден астам аталымын өсіреді. Оның тұқымдарын алыс және жақын шетелдерден алдыртады екен. Мысалы, мына целозия Норвегия елінен жеткізіліпті. Гульфия Омарова айналым қаражатын толықтыру үшін былтыр мемлекеттің қолдауына жүгінген екен.

Гульфия Омарова – жеке кәсіпкер, Айыртау ауданы:


– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 2 млн теңгенің несиесін алдым. Несие шарттары, қарызды өтеу кестесі кәсіпкерлерге өте ыңғайлы. Қарызды 2 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Алдағы уақытта өсімдіктерді сатып, берешекті біртіндеп қайтармақшымын.

Іскер әйел 4 адамды тұрақты еңбекпен қамтыған. Олар жыл 12 ай осы жылыжайда тер төгеді. Жаңа сұрыптарды жерге сіңіреді. Биылдан бастап кәсіпкер бөлмелік гүлдерді және көкөніс көшеттерін өсіруді қолға алған. Бұларға да тапсырыстар толассыз түсіп жатыр.

Лидия Ковальчук – Новосветловка селосының тұрғыны, Айыртау ауданы:


– Мен қызанақ, қырыққабат, құлпынайдың көшеттерін сатып алдым. Бағалары төмен. Таңдау көп. Осы жылыжайдан жылда бақша өсімдіктерін алып тұрамын. Көшеттер тез жерсінеді. Шығымдылығы жақсы.

Гүлдер мен көкөніс көшеттеріне сұраныс жоғары болғандықтан, бұл кәсіппен айналысатындардың қатары қалың дейді Имантау селолық округінің әкімі Любовь Сердюк.

Любовь Сердюк – Имантау ауылдық округінің әкімі:


– Имантау ауылы тұрғындарының көбі өсімдік шаруашылығына бет бұруда. Қазіргі таңда 150 отбасы жылыжай бизнесінен табыс тауып отыр. Олардың өскіндеріне Қостанай, Атбасар, Астана қалаларынан тапсырыстар көп түседі.

Бүгінде Имантау ауылдық округінде 200 шақты адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Соның жартысына жуығын жергілікті билік құс шаруашылығын дамытуға тартып жатыр. Ол үшін осы санаттағы азаматтардың әрбіреуіне 100 бас үйрек балапандары тегін үлестіріліпті.

Берік Қасен