Мәдениет

“Мен қазақпын” тележобасының аудандық іріктеу кезеңі өтті

“Қазақстан” ұлттық арнасының бас болуымен қолға алынған “Мен қазақпын” тележобасының ауқымы кеңейіп келеді. Жалпыхалықтық сипат алған бағдарламаның өңірлік кезеңі биыл алғаш рет еліміздің 14 облысында өткізілуде. Дода іріктеуінен теріскейліктер де шет қалмай, 13 ауданды аралап шыққан. Онда қазылар алқасы “сен тұр, мен атайын” дейтіндей термеші, күйші, дәстүрлі әншілерді қатаң іріктеуден өткізген.

Ерлан Тоқшылық – “Qazaqstan РТРК” АҚ СҚОФ директоры:


– Бұл жеде қазақ өнерін, қазақтың әнін-күйін мүмкіндігінше дәріптеу қажет. Бұл мегебағдарлама елімізде ғана емес, сонымен қатар қазақ қандастарымыздың арасында үлкен беделге ие. Бір ерекшелігі, былтыр “Қазақстан” ұлттық арнасы өздері өткізсе, биыл біз жергілікті жерде қолға алдық. Қазылар алқасы тағайындалып, оларды іріктеді. Ертеңгі күні жеңімпазды өздері апарып, қолдау көрсетеді.

Өткен жылы тележобаға өлкемізден дәстүрлі ән өнерінің шебері Біржан Есжанов қатысып, республикалық тартыста жүлдегерлер қатарына ілігіпті. Бірақ, қазылар алқасы облыста халық шығармашылығына шындап ден қойған күміскөмей өнерпаздардың көп еместігін айтады.

Жанат Айтбаев – Халықаралық “Мен қазақпын” тележобасы қазылар алқасының мүшесі:


– Кейбір аудандарда осындай дәстүрлі әнші, күйші, термешілерді оқытып, бабына келтіретін мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Іріктелген үміткерлердің аяқ-алысы жаман емес. Барлығы өз ісінің майталмандары. Жай ауылдың алты ауызын айта салатын сайыс емес. Осы елдің атынан шыққасын, нағыз мықтысын жібергіміз келеді.

Осылайша, аудандарды түгел дерлік аралап шыққан қазылар алқасы бойында тұнып тұрған дарыны бар 24 өнер иесін таңдап алған. Мегажобаның облыстық кезеңі маусымның 20 қалалық мәдениет үйінде өткізілмек. Бұл дәстүрлі ән сайысының өңірлік сынында “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” атанған 3 қатысушы, республикалық турда облыс намысын қорғайды.

Бахыт Садвокасов