Ауыл шаруашылығы

Елордалық бизнесмен Айыртау ауданында мал фермасын ашты

Өрісте жайылып жүрген мүйізді ірі қараның барлығы елордалық кәсіпкер Нұрлан Мұхамеджановқа тиесілі. Былтыр бизнес иесі жеке қаражатына сүтті бағыттағы симментал сиырларын сатып алған. Биыл олар бұзаулап, қазіргі таңда зеңгі баба төлдерінің саны 107-ге жетіп отыр.

Смағұл Әубәкіров – “Мұхамеджанов” ЖК басқарушысы, Айыртау ауданы:


– “Сүтті “Гормолзавод” ЖШС тапсырамыз. Өздері келіп алып кетеді. Күніне 80-90 литр жиналады.

Алдағы уақытта мұндағылар екінші қораны тұрғызып, қазақтың ақ басынан 200 сиыр сатып алмақшы. Кәсіпкердің иелігінде екі үйір жылқысы да бар. Малдарға қажетті жем-азық дақылдарын өзі өсіреді. Әкімдік іскер азаматқа 150 гектар жерді жалға берген. Соның басым бөлігіне жүгері мен судан шөбінің тұқымы себіліпті. Болашақта бәрі ойдағыдай болып жатса, фермер егін шаруашылығын да қолға алуды жоспарлап отыр.

Мұндағы қамбар ата төлдерін Ақжігіт Бекенов қарайды. Ол өзі тұратын ауылдың жанынан ферманың ашылғанына қуанышты. Осыған дейін жұмыссыз жүрген азамат қазіргі табысына шүкіршілік етеді. Ай сайын 70 мың теңге жалақы аламын дейді.

Ақжігіт Бекенов – “Мұхамеджанов” ЖК бақташысы, Айыртау ауданы:


– Жылқы баққан өзіме ұнайды. Бір жыл үзілістен кейін мал бағуға қайта шықтым. Жалақыны уақытында беріп тұрады.

Бақташыдан басқа мұнда механизаторлар мен сауыншылар – барлығы 11 адам жыл 12 ай жұмыспен қамтылып отыр. Айту керек аталған ауылда небары 17 адам тұрады. Сондықтан, Красногорка болашағы жоқ елді мекендердің санатына енгізілген.

Жомарт Оразалин – Володар ауылдық округiнiң әкiмi, Айыртау ауданы:


– Біздің селолық округке Астанадан жеке кәсіпкер Мұхамеджанов Нұрлан Арнашұлы келіп, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Жылыжай ашу жоспарында бар. Жалпы 20 адамды жұмысқа алмақшы. Красногорка селосында жалпы аумағы 700 шаршы метрді құрайтын 3 тұрғын үй саламын дейді. Екеуін оңтүстіктен қоныс аударушыларға береді. Сондай-ақ, жатақхана тұрғызбақшы.

Жалпы, Бүгінде Айыртау ауданында әлеуметтік-экономикалық потенциалы төмен 8 елді-мекен бар. Ондағы тұрғындардың саны 50-ге жетпейді.

Берік Қасен