МТРА жаңалықтары

Білім беру саласындағы өзгерістер сөз болды

Биыл теріскейдегі 497 білім ошақтарынан 3490 түлек қанат қақты. Осы жылы түлектердің 70 пайыздан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті. Оқушылардың 130-ы алтын белгіге, 141-і ерекше аттестат алуға үміттеніп отыр.

Гүлмира Кәрімова – облыстық білім басқармасының басшысы:


– Өткен аптада мектептерде емтихандар аяқталды. Былтырдан бастап, жалпы білім беретін ұйымдарында оқу жылы екі кезеңге бөлінген болатын. Бірінші кезеңнен қорытындысы бойынша түлектер білім ұясында емтихандарын тапсырып, аттестаттарын қолдарына алады. Және де орта және жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ, не КТА тапсырады.

2017-2018-ші оқу жылында жаңа білім беру жүйесімен 1,2,5,7-сынып оқушылары оқып шықты. Енді олар 1 қыркүйектен білімдерін осы жүйе бойынша 3,6,8-сыныптарда жалғастырмақ.

Гүлмира Кәрімова – облыстық білім басқармасының басшысы:


– Қазіргі таңда келесі оқу жылына қызу дайындық жүргізілуде. Яғни, 691 мың оқулық пен әдістемелік құралдарды сатып алу үшін тараптармен 175-тен астам келісім шарт жасалды.

Сондай-ақ, осы жылдан бастап мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балғындардың компьютерді жетік меңгеруі үшін “Ақпараттық сауаттылық” пәні енгізілмек. Облысымыздағы білім беру жүйесіне сандық технолияларды енгізу жұмыстары да қарқынды іске асуда.

Айнагүл Сұрағанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:


– 3 бағыттағы жұмысты атап кетсек болады. Соның ішінде смарт балбақша, смарт мектеп және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бар. Оқу жылының басында қаламызда ІТ лицейді ашу жоспарланып жатыр. Смарт балабақша 2015 жылдан бері “Алтын бесік”-те жүргізілуде.

Бұған дейін білім беру саласында 25 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, осы жылдан бастап олардың саны екіге артпақ. Сондай-ақ, қазір мектеп оқушыларына арнайы карточкалар әзірленіп жатыр. Ол арқылы мектепке кіріп-шығудан бөлек, кітап алу, жол ақысын төлеу, асханада тамақтану мүмкіндігі қарастырылуда.

Тогжан Акмагамбетова