Мәдениет

“Алпамыстан Абайға дейін. Жаңа көзқарас” спектаклі қойылды

Абай Құнабаевтың құрметіне орнатылған ескерткіш жанына бір топ жас жиылған. Олар сол жерде өсек-аяң айтып, әңгіме-дүкен құрады. Жастар кетісімен, ұлы тұлға тіріліп, өскелең ұрпаққа өз өкпесін айтады. Ақын бос желкең жүрген балалардың көптеген дүниеге немқұрайлы қарайтынына назаланады.

Актерлер қойылымда қазақтың бас ақынының қалыптасу кезеңдерін де сипаттады. Оның жастық шағы мен жүріп өткен жолына, шығармашылығына тоқталады.

Баатырбек Шәмбетов – «Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат» кешені»КММ актер бөлімінің ұстазы:


– Бұрындары бұл қойылған жоқ. Театралдық композиция деп аталады. Яғни, құралтырылған. Абайдың шығармаларынан және Алпамыс дастанынан құралған.

Туындыны ұлттық аспаптар ансамблінің сүймелдеуімен өнер колледжінің студенттері сахналап жатыр. Жастар “Алпамыстан Абайға дейін. Жаңа көзқарас” атты интереактивтік қойылым арқылы көрерменге Абайдың өшпес бай мұрасын жеткізбек болған. Жарты жыл көлемінде дайындалған 40 минуттық қойылым өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.

– Актерлер бір рөлден екіншісіне тез-тез ауысады. Сонысы, маған қызықты болды. Қойылым өте мазмұнды.


– Бүгінгі спектакльден алған әсерім өте ерекше. Себебі, мұнда Абай атамыздың өлеңдері, қара сөздерін еске түсіргендей болдық. Жас актерлер рөлдерін ойдағыдай сомдап шықты.


Тоғжан Ақмағамбетова