Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданындағы “Стрелец” ЖК ісі өрге домалауда

«Стрелец» жеке кәсіпкерлігі өз қызметін 2012-ші жылы бастаған. Шағын кәсіпорын көкөніс өнімдерін өсіріп, құрттар мен биогумус өндірумен айналысады. Былтыр мұндағылар қарашіріктің 212 тоннасын саудаға шығарған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін құнарландыруда таптырмас табиғи өнім оңтүстікқазақстандық бизнесмендер арасында жоғары сұранысқа ие.

Сергей Стрелец – «Стрелец» ЖК бас агрономы, Есіл ауданы:


– Биогумус өндірісі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен, белгілі бір аумаққа төрт-түліктің қиын жинаймыз. Кейін органикалық қалдыққа құрттарды жібереміз. Олар өз кезегінде өсімдік атаулыны құнарландыруға септесетін амин қышқылдарын бөледі. Органикалық зат картопқа “колорад” қоңызын жолатпайтын қасиетке ие.

Бизнес иесі сонымен қатар жауын құртты күтіп-баптап, санын арттыруды да оң жолға қойған. Бүгінде «Владимирский старатель» жәндігінің саны 200 млн-ға жетіпті. Құрттың бұл түрінің көбею үшін 85 пайыздық ылғалды температура қажет. Егер технология жөнді сақталмаса, құрттар өліп қалуы мүмкін.

Андрей Стрелец – «Стрелец» ЖК директоры, Есіл ауданы:


– Біз өсіретін құрттарды сатып алушылар еліміздің барлық өңірлерінен келеді. Осы жылы Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, ОҚ облыстарының кәсіпорындарымен келіссөз жүргіздім. Келісімшарт бойынша 12 млн дана жауын құртын жөнелтеміз. Жалпы 1 құрт жылына 10 ұрпаққа дейін береді.

Биогумусты өздері өндіретіндіктен алқаптарындағы картоптың шығымдылығы жөнінен жеке кәсіпкер алдына жан салмайды. Мекеме «Балтик ред», «Пиколи», «Каратоп» сұрыпты көкеністі отырғызуға басымдық береді. Былтыр мұндағылар гектарынан 35 тоннадан өнім алыпты. Осы жылы жоғары өнімді картоп 8 гектар алқапқа отырғызылған.

Андрей Стрелец – «Стрелец» ЖК директоры, Есіл ауданы:


– Өткен күзде 280 тонна картоп жинадық. Гектар берекелігі жаман емес. Картоптың басым бөлігін алматылық “Смолл” компаниясына жөнелтеміз. Өнімдеріміз тұтынушылардың жоғары сұранысына ие. 1 келі картопты олар 200 теңгеден сатып алып жатыр. Болашақта тауарды Астана қаласына да тасымалдау жоспарда бар.

Кәсіпкерлік жетекшісі келер жылы сұйық биогумус шығаратын модульді зауыт құрылысын қолға алмақ.

Бахыт Садвокасов