Аптадағы маңызды жаңалықтар

ІТ саласының мамандарына арналған start-up орталық ашылды

Мұндай start-up орталықты жергілкті “PROFIT” фирмасы ашып отыр. Бұл компанияның ІТ нарығында жүргеніне 7-ші жыл. Мәселен, ауруханалар мен емханалар қолданатын “Надежда” ақпараттық жүйесін, “Антинсульт”, тағы басқа да медициналық мобильдік қосымшаларды дәл осы фирма мамандары жасап шығарған. Енді “PROFIT” тың идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыру мүмкіндігі жоқ жастар мен студенттерге жақсы мүмкіндік жасап отыр.

Антон Юсичев – “PROFIT” ЖК жетекшісі:


– Жастарға өздерінің тың идеяларын жүзеге асыруда қолғабыс еткіміз келді. Қандай да бір сандық өнімді, инновациялық жобаны жасап шығарамын дейтін жанға есік ашық. Аптасына бір рет жетекшімен кездесу өткізбекшіміз. Яғни, қиындықтар туып жатса, фирма мамандары қолдан келгенше көмектесіп отырады. Осылайша, цифрлық салаға қызығатын жастардың кәсіби тұрғыда дамып, жетілуіне жағдай жасамақшымыз.

Мұнда жастар мобильдік қосымшаларды, басқа да пайдалы әрі тың бағдарламаларды, бір сөзбен айтқанда кез-келген цифрлық өнімді өздері жазып, жасап, қолданысқа енгізу мүмкіндігіне ие болмақ. Мұндай орталықтың маңызын ашылу салтанатына келген облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет те ерекше атап өтті.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


– Кітапхана тек кітап оқу орны болмауы тиіс. Ол кез-келген сала мамандарын тартатын алып кешенге айналуы керек. Қазір облысымызда қоғамның әр саласын цифрландыру үрдісі белең алып келеді. Көптеген жаңа қосымшалар мен ақпараттық жүйлер ойлап табылды. Олардың санын осы орталықтың көмегімен жергілікті жастар көбейтуі керек.

Компьютерді жақсы меңгерген жастарға мұнда бар жағдай жасалған. Кітапханадағы коворкинг орталықтағы компьютерлерді бағдарлама жазу үшін еркін пайдалануға болады. Ал екінші қабатта ІТ жобаларды жүзеге асыруға қауқарлы қуатты ноутбуктар, тіпті 3D принтер де бар. Мұның бәрін әуесқой да, тәжірибелі ІТ мамандар да тегін пайдалана алады.

Абылай Каримов – студент:


– Менің мамандығым – радиотехник. Бірақ ІТ саласы да қатты қызықтырады. Бос уақытымда бірнеше күрделі платофрмалармен жұмыс жасаймын. Енді осында білімімді тереңдетсем деймін.

Бұл заман игіліктері кітапханаға наурыз айында әкелінген. Оны мекеме басшылығы мемлекеттік грант есебінен сатып алған.


 

Саят Ермек