Денсаулық сақтау

Облыста менингококк инфекциясын жұқтырғандар жоқ

Жыл басынан елімізде менингококк инфекциясын жұқтырудың 58 фактісі тіркеліпті. 18 жағдайда дертке 14 жасқа дейінгі жеткіншектер шалдыққан. Қатерлі ауруды жұқтырғандардың дені Алматы, Қызылорда мен Ақмола облыстарының тұрғындары. Бүгінге дейін ауа арқылы тез таралатын кеселден 12 қазақстандық қайтыс болған.

Серікбай Қасмақасов – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

– Менингит – ми мен жұлын қабықшасының қабынуын тудырады. Өлімге душар қылатын аурудың негізгі белгілері бар. Науқастанған адамда дене қызыуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, басы жиі ауырады. Оның үстіне жиі құсып, денеде қызыл бөртпелер пайда болады. Кей жағдайда науқастанушының ақыл-есі шатасып, ұйықтай бергісі келеді. Вирусты дер кезінде емдеген жағдайда адам өмірін сақтап қалуға болады.

Үстіміздегі жылы менингиттің ағзада бар-жоқтығын тексерту үшін облыстағы денсаулық сақтау орындарына өз саулығына алаңдаған 264 теріскейлік жүгініпті. Бір қуантарлығы, өлкемізде менингококк инфекциясын жұқтырған жерлестеріміз тіркелмеген. Бірақ, ауруды емдегенше, оның алдын алған жөн демекші, сақтық танытқан абзал. Өңір дәрігерлер кез-келген жәйтке дайын отыр.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Соңғы жәйттерге байланысты, вирустың таралмауын қадағалау бағытында өңірлерде мониторингтік топ құрылды. Қазіргі таңда облыс аумағында 181 жатын орынға шақталған 7 инфекциялық бөлімше жұмыс істеп тұр. Жалпы СҚ облысында эпидемиологиялық жағдай қалыпты, уайымдауға еш негіз жоқ.

Сала мамандары эпидемияға қарсы қарапайым ережелерді ұстануға кеңес береді. Ал аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда, уақыт созбай емханаға жүгіну қажет.


 

Бахыт Садвокасов