Білім

Биыл 3000-ға жуық балғын 1-ші сыныпқа барады

Бұл сауалдар мектеп табалдырығын енді аттайтын балаларға арналған. 6 жасар Милана үшін мұғалім сұрақтарына жауап беру қиын емес. Мектепке ерекше құлшыныспен келген балғын санау мен әліпбиді әлдеқашан меңгеріп қойған. Анасы кішкентай қызын білім ошағына күнделікті үйде дайындайды екен. Алайда, алда үйренетін нәрселердің көп екенін Милана жақсы біледі.

Милана Малаева:
–  Мен жазып, тез оқып үйренсем деймін. Мұғалімнің берген тапсырмалары орташа болды. Тезірек мектеп табалдырығын аттағым келеді. Мұнда жаңа балалармен танысамын. Достарым көбейеді.

Кішігірім сабақ барысындағы бүлдіршіннің белсенділігін сыныпта отырған ата-анасына бақылауға рұқсат етілген. Әңгімелесу аяқталған соң бүлдіршіндердің әке-шешесіне мұғалім бірқатар кеңестер береді. Бұл 3 ай демалысты босқа өткізбеуге септеспек. Жалпы, бұндай шаралар балалардың мектепге психологиялық тұрғыда дайындығын анықтауға бағытталған. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің сұрақтарға жауап беруі арқылы олардың білім деңгейіне де көз жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда, бұл ретте ата-аналардың алаңдауына себеп жоқ. Аталған көрсеткіш балғындардың сыныпқа бөлінуіне әсер етпейді. Себебі, балғындар оқу үлгерімі әр түрлі болғанымен, бір топта оқытылмақшы.

Светлана Ларкина – Н. Крупская атындағы №10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:


–  Оқушы мәтінді жақсы оқи алуы мүмкін. Алайда, оның мазмұнын айтуда қиындық туындап жатады. Сондықтан, біз ата-аналарына жазғы уақытқа тиісті кеңестер береміз. Бұған қоса, өзін-өзі сыныпта ұстауы да үлкен рөл атқарады. Бұның барлығы осындай әгімелесу барысында анықталады.

Жаңартылған білім беру мазмұны мен екі кезеңдік ҰБТ. Соңғы бірнеше жылда білім беру саласына енгізіліп жатқан өзгерістер аз емес. Соның бірі – мектеп табалдырығын енді аттаймын деген оқушыларға қатысты. Енді, кез-келген білім ұясына сол ықшам ауданның тұрғындары ғана емес, барша қалалықтар бара алады екен.

Татьяна Анцибор – Н. Крупская атындағы №10 орта мектептің директоры:

– Жалпы, біздің мектепте оқуға тілек білдіретіндер аз емес. Алайда, тиісті учаскеде тұрмайтындықтан, оларды тек бос орын қалған уақытта ғана қабылдай аламыз. Біздің ауданда 90-нан астам бала мектеп табалдырығын аттамақшы. Құжаттарды қабылдау кезеңі басталғаннан бері 15 бүлдіршіннің ата-анасы өтініш білдірді. Барлығы осы маңайдың тұрғындары.

Ал, гимназия мен лицейлер болса ықшам аудандарға бекітілмейді. Оған кез-келген оқушы өз құжатын апара алады екен.

Алмагүл Оспанова – қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі:

 

– Биылдан бастап 1-ші сыныпқа 7 жастағы балалар мен үстіміздегі жылы 6-ға толатын балаларды қабылданады. Бұрындары 1-ші қыркүйекке дейін 6-ға толғандар ғана мектепке баратын.

Алайда, бұл өзгеріс тек 2019-2020 оқу жылына дейін ғана өз күшінде болмақ. Себебі, келесі жылы даярлық топтары алынып тасталады. Сөйтіп, 1-ші сыныпқа 5-жастан баруға рұқсат етілмек.

Эльмира Садвокасова