МТРА жаңалықтары

СҚ өнімдері Қытай нарығында

Қытай – әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі. Сондықтан, қай мемлекет болмасын мұнда өз өнімдерін шығаруға ниетті. Қазақстан болса, аспан асты елімен бұрыннан бері тығыз қарым-қатынаста. Дегенмен, көршілес республикаға шығарылатын экспорт көлемі әлі де шамалы. Сол себепті жергілікті бизнесмендер бұл істі бір жақты етуге тырысып бағуда. Әсіресе, «Green Gold SKO» серіктестігі аталған шаруаны мықтап қолға алған екен. Компания теріскейлік тауар өндірушілерді Қытай нарығына шығару бағытында біраз шаруаның басын қайырыпты. Бұның арқасында, бүгін екі жақ дөңгелек үстелге жиылып, алдағы жоспарларымен бөлісуде.

Қанат Баймұхамбетов – «Green Gold SKO» ЖШС бас директоры:


– Солтүстікқазақстандық серіктестіктердің басым бөлігінің шет елдермен жұмыс істеуден хабары аз. Біздің компания болса 6 ай бойы Қытай нарығын зерттеді. Онда қажет тауарлар, қойылатын талаптармен таныстық. Сондықтан, біздің өнімдерімізді аспан асты еліне шығаруда қиындық туындамау қажет. Жалпы, көршілес республика үшін импорттық өнімдердің сапасы аса маңызды. Әсіресе, экологиялық тұрғыдан таза тауар болуы қажет.

Ұн, ет, сүт пен бал. Бұлардың барлығына қытайлық бизнесмендер тарапынан сұраныс жоғары. Әсіресе, соңғысы көршілес елде жоғары бағаланады екен. Сол себепті де Пилипушко жанұясы аспан асты елінде өз тауарын саудаламақ ниетте. Кәсіпкерлер омарташылықпен 1985 жылдан бастап айналысып келеді. Бір маусымда 50 тонна бал жинайтын олар шаруаларын кеңейтіп, жаңа нарыққа шығуды көздеп отыр.

Ярослава Пилипушко – «Пилипушко» ЖК директорының орынбасары:

– Біздің шаруашылық М.Жұмабаев ауданында шоғырланған. Әзірге бал мен омарта өнімдерінің барлығы тек біздің өңірімізде саудаланады. Келешекте тауарымызды Қытайға экспорттамақпыз. Себебі, аспан асты елінде оны 40 пайызға жоғары бағамен сатып алады. Бұл біздің шаруашылығымыз үшін өте тиімді.

Теріскейге келген қытайлық делегация құрамында түрлі саласының тұтқасын ұстағанған бизнесмендер бар. Олар солтүстікқазақстандық іскерлердің өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Кейбірімен келісімшарт жасасып та үлгеріпті.

Фан Шиджин – Шаньси ауыл шаруашылығы экономикалық қауымдастығының басшысы, ҚХР:


– Біз өте сапалы тауар өндіретін кәсіпорындармен жұмыс жасамақпыз. Шаньси провинциясында алдағы уақытта ірі сауда орталығы бой көтереді. Соның бір бөлігін СҚ-дық өнімдерге арнамақпыз. Үстіміздегі жылдың күзінен бастап, теріскейлік ет, сүт, ұн, жұмыртқа мен бал біздің өңірде де сатылымға шығарылады.

Отырыстан соң шетелдік кәсіпкерлер жергілікті компаниялардың бірқатарының тауарларымен танысты.

Эльмира Садвокасова