Спорт

Жас велосипедшілердің қалалық сайысы өтті

2006 жылғы және жасы одан да кіші бұл жеткіншектер велоспорттағы мансаптарын жаңадан бастап жатыр. Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне олар өткен күзде қабылданса керек. Ал Асылхан Секенов болса велосипедке осыдан бір ай бұрын ғана отырған. 13 жасар юниордың бұл алғашқы біріншілігі.

Асылхан Секенов – жарысқа қатысушы:


– Мені наурыз айында достарым алып келді. Болашақта А.Винокуров сияқты чемпион болғым келеді.

Жарыс 80-ге жуық жас велосипедшіні жинады. Олар топтық жарыс және іріктеу бәйгесінде күш сынасты. Соңғысында бір уақытта 10 спортшы 2 шақырымдық дистанцияға шығады. Әр айналымды ақырғы болып аяқтаған жарыстан шеттетіліп отырады. Осылайша үздік спортшы анықталады. Бұл қалалық біріншіліктің жеткіншектерге берері мол. Себебі, топ жарғандар тамыз айында өтетін ел чемпионатына қатыспақ.

Владимир Парахин – велосипед спорты бойынша ОРБЖСМ директоры:


– Тамызда осымен 25-ші рет спорт шебері Александр Мартыновичті еске алуға арналған республикалық көпкүндік жарыс өтеді. Бүгінгі чемпионат сол біріншілікке іріктеу болып саналады.

Бүгінде велоспорттан облыстық БЖСМ-де 200-ден астам жеткіншек жаттығады. А. Винокуровтың жолын жалғаймын детйіндердің қатары жыл санап артуда.


Саят Ермек