Спорт

Велосипед мінген балаларға жол ережелері түсіндірілді

Көлік жүргізушілері, велосипедистер мен жаяу жүргіншілердің барлығы жол қозғалысының қатысушылары ретінде ережелерді сақтап, бағынулары керек. Көп жағдайда қауіпсіздік шараларын сақтамайтын шайтан арбаны тізгіндегендер түрлі жол көлік апатын тудыруға себепші болып отырады. Сондықтан, жазғы демалыс басталысымен тәртіп сақшылары балалар мен жастарды өз бақылауына алды.

Баян Байғаскина – СҚО ІІД ЖПҚ аға инспекторы:


– Біз велосипедистерге жолда жүру ережелерін түсіндірдік. Мәселен, олар өткінші жолды кесіп өткенде, міндетті түрде шайтан арбаларынан түсулері қажет.

Полиция қызметкерлерінің бастамасы кәсіби велошабандоздар тарапынан да қолдау тапты. Спортшылар жол ережесіне мән бермей, оны бұзудың арты жақсылыққа әкелмейтінін айтады.

Никита Кабачок – велошабандоз:


– Менің велоспортпен айналысып жүргеніме 12 жылдай болды. Осы аралықта бірде-бір рет ереже бұзып көргенім жоқ. Жолда жүру ережелерін он саусағымдай білемін. Мәселен, велосипедистер жолдың оң жағында оның жиегінен 1,5 метр қашықтықта жүрулері қажет.

Полицейлер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды жаз бойына жалғастырмақ.

Эльмира Садвокасова