МТРА жаңалықтары

“Нұр Отан” партиясының мұражайы ашылды

Шара дәстүрлі түрде музейдің тұсаукесерінен басталды. Жиынға келгендер бірден мұражай қорымен танысуға кірісіп кетті. Бүгінде еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келетін “Нұр Отан” партиясы 1999 жылы қаңтар айында “Отан” деген атаумен құрылған. Ал 7 жылдан соң “Нұр Отан Халықтық Демократиялық Партиясы” болып өзгерді. Жалпы аталмыш партияның облыстағы штабы өз жұмысын дәл осы ғимаратта бастапты. Оның алғашқы жетекшісі аталған оқу ордасының директоры Александр Мерк болған.

Александр Мерк – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:

– “Нұр Отан” партиясының 20 жылдығына орай біз оқу ордамызда музей ашуды жөн көрдік. Мұнда кез-келген адам партияның тарихымен таныса алады. Жалпы партияның тарихына тоқталсақ, 1999 жылы сайлау алдында елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау үшін штаб құрылған болатын. Кейін оған ресми түрде “Отан” партиясы деген атау берілді. Біздің колледжде партияның “Жас Отан” жастар қанаты жұмыс істейді. Студенттеріміз ардагерлерге көмек көрсетіп, түрлі шараларға қатысып тұрады.

Музей қорында “Нұр Отан” партиясының құрылуы мен тарихи қалыптасу кезеңдерін айқындайтын шежірелі құжаттар мен деректер жинақталған. Мәселен, мынау 19 жыл бұрын берілген ең алғашқы партиялық билет. Бұдан басқа, сөрелерде Елбасының еңбектері, партияның құрылуы мен дамуына үлес қосқан азаматтар жайлы мәліметтер, фотосуреттер мен тарихи газеттер де жайғасқан. Айта кеткен жөн, бұл – “Нұр Отан” партиясына арналған облысымыздағы алғашқы мұражай.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Мұражайдың ашылғаны еліміз бен бас партиямыздың даму кезеңдермен, тарихымен жете танысуға мүмкіндік береді деген ойдамын. Бұл партия мүшедері мен жастар үшін маңызды оқиға. Бүгінгі шарада саяси ұйымның құрылуына үлес қосқан ардагерлеріміз туралы сөз етпекпіз.

Қонақтар музейді аралаған соң, дөңгелек үстел ұйымдастырып, партияның күн тәртібіндегі жоспарларын талқылады. Бұл шараға студенттер де белсене ат салысып, өз ойларымен бөлісті.

 

Молдир Макишева