Осыдан 13 жыл бұрын құрғақ гангрена Шамиль Шақшақбаевты келмеске әкетті. Еске алу кешіне жиналғандарға ол ардақты әке, адал дос пен сүйікті ұстаз бола білген. Дегенмен, көпшілік бұл жанды Петропавлдағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатының негізін қалаушы ретінде таниды.
Владимир Лебедев – Ш.Шақшақбаевтың досы:
– Мектеп-интернатты ашу үшін ол әкімдіктің табалдырығын талай тоздырды. Мүгедектігіне қарамастан күні бойы дәлізде отыратын. Шенділердің көбі оның бұл бастамасын құптамады. Ал сол кездегі жаңа әкім Даниял Ахметов болса бұл оқу орнын ашуға жәрдемдесті. Мұнда қаланған әр кірпішті, салынған әр пандустың сапасын ол өзі тексерді. Оның қайсарлығына қатты қызығатынмын.
Ол болашағынан зор үміт күттірген спортшы болып еді. Бірақ, ауыр дерт денесіне қан жүгіртпей, аяқ-қолын жансыздандырып тастады. Тек Шамиль Шақшақбаев өмірден түңілмеді. Өзі сынды арбаға таңылған балалар үшін 1999 жылы инклюзивті мектеп ашты. Осылайша, мүгедек балғындарға сапалы білім беріп, қоғамның толыққанды мүшесі болуға машықтады. Білім ошағының түлектері де асыл жанды бүгін еске алуға келген.
Сәлімхан Сәбитов – “Қоғамдық келісім” КММ бас сарапшысы:
– Мен интернатқа 2002 жылы 9 жасымда түстім. Кейін оқу бітіріп, үйлендім. Қазір қоғамнан қорықпаймын. Осының бәрі Шамиль Шақшақбаевтың арқасы.
Бұл мектеп-интернат түлектері – жоғары білімді азаматтар, арасында саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, тіпті кәсіби спортшылар да бар. Бүгінде мұнда 20-дан астам жарымжан бүлдіршін білім алады. Елге әйгілі жерлес конькимен жүгіруші, бүгінгі таңда ПАМЖЗ директоры, Вадим Шақшақбаев та әкесін ерекше тебіреніспен еске алады. Бүгінгі бар жетістіктерімнің артында асқар тау боп әкем тұр дейді ол.
Вадим Шақшақбаев – Ш.Шақшақбаевтың ұлы:
– Ол керемет әке бола білді. Мені ешқашан, ешқандай қиындықтарға мойымай, мақсатқа жету жолында аянбауға үйретті. Егер ауру алқымынан алмағанда кәсіби волейболшы болар еді. Оған қарап мен де өмірге бейімделгіш, мықты азамат болып өстім. Менің әлем кубогындағы сындарыма келіп, жеңісімді көру арманы еді. Бірақ тағдыр мұны жазбапты.
Шарада Шәміл Шақшақбаевтің өмірі жайлы түсірілген “Жеңімпаз” фильмі көрсетіліп, қайсар тұлғаның өнегелі өмірі жас ұрпаққа дәріптелді.
Саят Ермек