Қоғам

Деструктивті ағымдар – қоғам дерті

Интернеттегі толассыз ақпаратты ой-елегінен өткізіп, дұрыс шешім қабылдау жастарға барған сайын қиын болып барады. Діни сауатының аздығынан олардың кейбірі теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатыр. Мына залда көкшетаулық теолог мамандар қала коледждерінің студенттеріне алуан түрлі деструктивті ағымдардың арбауына түсіп кетпеудің жолдарын көрсетті.

Қанат Алшынбаев – “Насихат” кеңес беру-оңалту орталығы” ҚБ теолог маманы, Көкшетау қаласы:


– Біз бостандықта және абақтыда отырғандармен жұмыс сітейміз. Оларды дәстүрлі дін жолына қайтарамыз. Көбінесе 18-35 жас аралығындағылар теріс ағымға түсіп жатады.

Соңғы кездері ватсап желісі арқылы тексерілмеген ақпаратты өзгелерге жіберу фактілері жиілепті. Айту керек, халық арасында іріткі салып, қоғамда дүрбелең тудыратын материалдарды таратқандар заң алдында жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы колледж студенті Бахтияр Сапаров жақсы біледі екен. Ол осындай келеңсіз оқиғалардан бойын аулақ ұстау үшін интернетте бейтаныс адамдармен хат-хабар алыспаймын дейді.

Бахтияр Сапаров – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:


– Мен интернетте бөтен адамдардың сұрауына жауап бермеймін. Жазған постарын оқымаймын. Хаттарына жауап бермеймін.

Бүгінде елімізге сырттан енгізілетін кітаптардың барлығына сараптама жүргізілді. Алайда ел ішінде тыйым салынған діни мазмұндағы әдебиеттерді сату фактілері азаяр емес.

Роза Қасенова – СҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы:


– Жыл басынан облысымызда 14 әкімшілік іс қозғалды. Соның ішінде 11 адам діни бағыттағы әдебиеттерді халыққа таратқан. Заңсыз діни кітаптарды таратқандарға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал экстремизм, сепаратизм, терроризмге, зорлыққа шақыратын әдебиеттерді үлестіргендер қылмыстық жазаға тартылады
.

Ел заңы бойынша баланы 14 жастан әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы қарастырылған. Ал технология қарыштап дамыған заманда ойнап болсын теріс әрекет жасағандарды іздеп табу құқық қорғау органдарына аса қиындық тудырмайды.

Берік Қасен