Қайырымдылық

3-ші қайырымдық балдың қорытындысы


Мұнда 3-қайырымдылық балға тікелей қатысы бар жандар жиналған. Бишілердің 30 жұбы вальс билеп, шарапаты мол іске өз үлестерін қосты. Аталмыш шараға қатысқандарды СҚО әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, оларға грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Қайырымдылық балға ат салысқандардың бірі – Дархан Абилькасов. Ол Айя Татваевамен жұптасып билеген. 25 жастағы азамат игі іске осымен 2-ші рет қатысып отыр. Жұмыс бастылығына қарамастан, дайындыққа көңіл бөліп, уақытымен келіп отырған.

Дархан Абилькасов – қайырымдылық балға қатысушы:

– Қайырымдылық шараға қатысып, аз да болсын, өз үлесімді қосқаным үшін қуаныштымын. Балға 4 ай көлемінде дайындалдық. Уақыт өте тез және қызықты өтті. Егер тағы осындай шаралар өтсе, қайта қатысатын ойым бар.

3-ші қайырымдылық балдан жиналған 4 млн 632 мың теңге үшке бөлініп – Владислава Головырина, Карина Баймолдина мен Әмір Ғабдуллинның отбасына табысталады. Владиславаның анасы Наталья қызының туғанынан церебралды сал ауруына шалдыққанын айтады. Жеткіншек өздігінен жүре алмайды. Бұл дерттен ота жасау арқылы арылуға болады екен. Алайда, ол үшін қомақты қаражат керек. Қазіргі таңда Наталья қажетті ақшаның жартысын ғана жинапты. Нәзік жандының бар арманы – қызғалдағын аяққа тұрғызу.

Наталья Головырина – Владислава Головыринаның анасы:

– Балды өткізген ұйымдастырушылар мен қол ұшын берген жерлестеріме алғысым шексіз. Керекті қаржы жиналғаннан соң, Германияға аттанамыз. Ол жерде ота жасап, қызымды аяғына тұрғызамын деп үміттенемін.

Ұйымдастырушылар келер жылы игі шараны қайта өткізуді жоспарлап отыр.

Молдир Макишева