МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес отырысы өтті

Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Алғашқысы – облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі жемқорлықпен күрес шараларына арналды. Тиісті жұмыстардың үздіксіз жүргізіліп келетініне қарамастан, биыл 1 мемлекеттік қызметші аяғын шалыс басып, істі болған.

Данияр Жаналінов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:


– Соңғы бірнеше жыл бойы департамент мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО департаментімен қоян-қолтық жұмыс атқарып келеді. Мамандардың жұмысы кәсіпкерлермен тікелей байланысты болғандықтан, жемқорлыққа жол беріп жатады. Біз жақында мекеме жанынан арнайы қор аштық. Яғни, қызметкерімізге пара ұсынылған жағдайда, ақшаны алмай, біздің қауіпсіздік қызметіне хабарласуға кеңес береміз. Нәтижесінде бұл маман қордан бөлінетін қаржылай сыйақыға ие болмақ.

Кеңес мүшелері жетекшіге қол астындағы қызметкерлердің арасында түсіндіру шараларын күшейтуге ұсыныс берді. Бұдан соң, ішкі мемлекеттік аудит пен қазынашылық департаменттерінің жетекшілері сөз алды. Абырой болғанда қос органда жемқорлық фактілері орын алмаған. Жиында мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіндегі жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары да қаралды. Бұл органда өткен жылы 3 лауазымды қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар темір торға тоғытылған.

Еркебұлан Мәмбетов – “Нұр Отан” партиясы филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы:


– Бұған дейін қоғамдық кеңестің 3 отырысы өтті. Олар білім мен мәдениет саласындағы жемқорлықты болдырмауға қатысты болды. Ұсыныс бергеннен соң, 1-2 айдан соң оларды қайта тексереміз.

Айту керек, облыстағы білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың арасында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық фактілері тыйылмай тұр.

Бахыт Садвокасов