Қоғам

Пандустартың талапқа сайлығы тексерілді

Бірінші болып мониторингтік топ Гринвич қонақ үйіне келді. Осыдан үш ай бұрын жүргізілген рейд барысында аталған нысанның пандусы талапқа сай емес екені анықталған-ды. Меншік иесіне уақыт берілсе де, олқылық әлі күнге біржақты етілмепті.

Светлана Бусыгина- облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі кеңесшісі:


– Гринвич қонақ үйінің ішінде орналасқан пандус мүлдем талапқа сай емес. Біріншіден өте тайғақ плиткалар төмеліпті, екіншіден тым биік етіп жасалған. Бұл пандус мүгедек жандар үшін қолайсыз. Тактильдік жолақтар да жоқ. Сондықтан осылардың барлығы ескерілсе жақсы болар еді.

Ал мынау – дәл осы ғимарттың сыртқы пандусы. Мүгедек жандарға арналған қондырғының ұзындығы шамамен 12 метрді құрайды. Ал, ереже бойынша пандустың ұзындығы 17 метр болуы тиіс. Оған қоса тұтқаларының шығыңқы жерлері жарымжан жандарға айтарлықтай кедергі туғызады,- дейді мамандар.
Келесі кезекте “Алтын Адам” қонақ үйіндегі жағдайлар тексерілді. Бұл жердің де жағдайы мәз емес. Мәселен, ғимараттың кіре берісінде тактильдік жолақтар жоқ. Бұған қоса, шыны есіктерге қауіпсіздік жайлы ескертетін дөңгелек немесе төртбұрышты қағаз жапсырылуы тиіс. Аталған белгілер зағип жандардың жүруін жеңілдетеді. Олардың барлығы сары түсті болуы қажет.

Владимир Эрман – Қалалық мәслихаттың депутаты:

– Осындай мониторингтер жиі өткізіліп тұрады. Болашақта ғимарат басшылары жасалған ескертулерді елеусіз қалдырмайды деп сенеміз. Нысандардың барлығы жарымжандарға қолайлы болуы тиіс.

Жыл басынан бері мониторингтік топ халық жиі баратын 50 ғимаратқа тексеріс жұмыстарын жүргізген. Оның 26-сы – қалада орналасқан нысандар. Алдағы уақытта спорттық кешендер де тексерілетін болады.

Дана Ешкенова