Білім

Медицина мамандарының маңызы зор

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Соңғы жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша білім ошағы Қазақстандағы ЖОО ішінде 13-ші орынға тұрақтапты. Қазіргі таңда қара шаңырақта 75 мамандық негізінде бакалаврлар, магистрлер мен PhD докторлары дайындалады. Биыл осы тізім толыға түспек.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелері жөніндегі проректоры:


–  Жаңа оқу жылынан университетімізде 29 жаңа мамандық түрін ашқалы отырмыз. Осылайша студенттер білім беру, техника ғылымдары мен технология, ауыл шаруашылығы ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес негіздерін меңгеретін болады. Сонымен қатар, сәуір айында Білім және ғылым министрлігіне “Жалпы медицина” және “Фармация” мамандарын оқытуға өтініш білдірдік. Аталаған ведомство жауапты алдағы аптада беруі тиісті.

Егер Білім және Ғылым министрлі “Жалпы медицина” және “Фармация” мамандықтарын ашуға лицензия берсе, студенттерді қабылдау басталады. Бастапқы кезеңде оқыту Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі базасына жүргізілсе, кейін, жастар университет қабырғасында білім алады.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелері жөніндегі проректоры:


–  Бастапқы кезеңде жалпы дисциплинадағы білім беріледі. Яғни, студенттерге философия, қазақстан тарихы сынды сабақтар оқытылады. Осыдан соң, жастар университет қабырғасына көшіріледі. Біз келер жылы 300-500 млн теңге аралығындағы қаржыға қондырғылар сатып алуды, заманауи кабинеттерді ашуды көздеп отырмыз. Сонда шәкірттеріміз сапалы білім алып, тәжірибелерін толықтыратын болады.

Осы ретте студенттерді кімдер оқытады деген сұрақ туады. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Ербол Исақаевтың сөзінше жастарға білім беру үшін 1 медицина ғылымдарының докторы, 8 PhD доктор мен кандидаттар және 700-ден аса дәрігер тартылатындығын айтты. Оған университтеттің өзінде де білікті мамандар бар екен. Жаңа ашылатын факультетте кейін интернатура жасақтау жоспарланып отыр.

 

Байболат Култанов