Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге ҚР ауыл шаруашылығы министрі келді

«Якорь қауымдастығы» бүгінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы брендтерінің бірі саналады. Ол ірі кәсіпорындар үшін де, шағын бизнес өкілдері үшін де тиімді. Өңірде бұндай серіктестіктің артықшылықтарын пайдалана білгендердің бірі – «Әйтеке би СҚ» шаруашылығының директоры Асқар Мәдиев. Азаматтың айтуынша, әріптестік механизмі оңай әрі ол арқылы мол табысқа кенелуге болады. Мәселен, компания асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, оларды басқа фермерлерге жалға береді екен.

Асқар Мәдиев – «Әйтеке би СҚ» ЖШС директоры:

– Фермерлермен келісімшартқа отырамыз. Шаруалар біздің бұқаларымызды пайдаланып, олардың төлдерін өзімізге қайтарып береді. Біздің сатып алған ірі қарамыздың әрбірі 170 мың теңге көлемінде субсидияланса, жалға алушыларға әр төл басына 40 мың теңге беріледі.

Мына ірі қаралардың салмағы – 900 келіге дейін жетеді. Жалпы, «Әйтеке Би СҚ» шаруашылығының 20-ға жуық жалға алушысы бар. Олардың бірақатары ауыл шаруашылығы министрімен кездесуге келді.

Өмірзақ Шөкеев – ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі:

– Сіздерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды білесіздер ме? олар кіші және орташа фермерлердің шаруасын дамыту үшін қажет. Қазір елімізде мал шаруашылығымен айналысатын 16 000 агроөнеркәсіп құрылымы бар. Біздің жоспарымызда олардың санын 100 мыңға дейін жеткізу көзделген. Бұндай шаруашылықтар осындай мал бордақылау алаңдарында шоғырлануы қажет.

Мына 1000 басқа шақталған алаң өз жұмысын бірнеше ай бұрын ғана бастапты. Қазір мұнда 720 асыл тұқымды бұқа бар. Директор сөзінше, бұзаулар қажетті салмақты жинаған соң, «Қазетөнімдері» кәсіпорнына жіберіледі. Шаруаның бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Алдағы уақытта мал басының санын 3 мыңға дейін жеткізу қажет дейді Өмірзақ Шөкеев. Кейін меймандар “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің егістік жұмыстарымен танысты. Мұнда биыл 23 мың гектар жерге ырыс дәні сіңірілмек. Алқаптың 10 мыңнан астам гектарына дәнді, 4 мыңына майлы дақыл егіледі.

Арман Евниев, ҚР ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:

–  Бірқатар шаруашылықтар егістік науқанын бір-екі күнге кешіктіруде. Бірақ, бұл жұмыс нәтижесінде байқалмауы тиіс. Ауа райы суық болғандықтан, көк әлі шыққан жоқ. Есесіне арамшөптер де дақылдармен бір уақытта көтеріледі. Сол себепті, аграрийлер гербицидтермен қамтылуы қажет.

Авагро, Казтехмаш, Клаас – бұлардың барлығы өңірлік зауыттарда шығарылатын өнімдер. Сапасы мен бағасы бойынша шетелдік техникаға дес бермейтіні сөзсіз. Мәселен, мынау – су жаңа «Сампо Комиа». Қуаттылығы – 300 ат күшіне тең. Құны – 60 млн теңге. Тағы меймандар егістікке қажет тұқымдар мәселесін сұрастырды.

Арман Евниев, ҚР ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:

– Биыл бізде субсидиялаудың жаңа түрі шықты. Шағын және үлкен шаруашылықтар да элиталық немесе 1-ші репродукторлы тұқымды алып, еге алады. Біртіндеп осылайша 2021 жылға қарай алқаптарға егілетін тұқымның арасында 3-репродукторлы дән мүлде болмайды.

Тұқым аграрийлерге мемлекет есебінен тегін беріледі. Бірақ, орақ науқаны біткен соң, соманың 30 пайызын қайтару қажет. Аграрлы саладағы басым бағыттардың бірі – сүтті мал шаруашылығы.

Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС бас директоры:

– Бұл кешенде 25 тонна сүт сауылады. Кейін өңдеу зауытына жіберіледі. Қалғандары тұтынушыларға жеткізіледі.

Саладағы өзекті сұрақтар аграрийлермен өткен кездесуде көтерілді. Алдымен, теріскейдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы жайлы сөз қолғалды. Былтыр өңірде 550 мың тонна сүт шығарылған. Олардың тең жартысы облыс зауыттарында өңделіпті.

Кұмар Ақсақалов, облыс әкімі:

–  Үстіміздегі жылы өңірімізде 7 сүт-тауарлы ферма ашылмақ. Сандық технологиялармен жабдықталған зауыттар ірі қараның жағдайын тәулік бойы бақылайтын болады. Бұл жақсы нәтижеге қол жеткізуге көмек береді деген ойдамыз.

Биыл егістік аумағы – 4млн гектарға жетейді. Майлы дақылдарға бөлінген аумақ 41 пайызға артқан. Бұл, жалпы алқаптардың үштен бірін құрайды.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

–  Аграрийлер егістік науқанын 12 мамырдан бастады. Қазір жұмыстың 39 пайызы аяқталған. Яғни, 1,5 млн гектар жерге ырыс дәні сіңірілді.

Жермен жұмыс жасағанда салада енгізіліп жатқан өзгерістерге де көңіл бөлген жөн дейді, Өмірзақ Шөкеев.

Өмірзақ Шөкеев – ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі:

– 21 млн гектар жердің 1 миллион 400 мыңы суарылатын алқаптар. Алайда, олардың бір өзі өсімдік өнімдері құнының 40 пайызын қамтамасыз етуде. Суарылатын жердің аумағын көбейту қажет. 2022 жылға қарай бұл алқаптарды 2 млн-ға дейін жеткізу мжеленген.

Жиында отбасылық фермаларды ашып, құс және шошқа өсіру де тапсырылды. Соңғысының санын 3 есеге арттыру қажет. Қазір оған Қытай мен Ресей нарығында сұраныс жоғары екен. Өнімнің басым бөлігін солтүстікқазақстандықтар экспорттайды.

Александр Иванченко, “EMC-agro” ЖШС директордың орынбасары:

 

– Біздің шаруашылық биыл жұмысын қайта жандандырды. «Ірі ақ» тұқымдас шошқалардың 149 басын алдық. Алдағы уақытта аналық малдың санын 2100-ге дейін жеткізуді жоспарлап қойдық. Бұл – шошқа санын 50 мыңға дейін көбейтуге септеседі.

Алайда, Қазақстанда асыл тұқымды база жоқ. Министрлік өкілдерінің сөзінше, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін тауып, талпақ танаулардың асыл тұқымдылары өсіріле бастайды. Бұл Президенттің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндетін шешуге септеспек.

Эльмира Садвокасова