Мәдениет

Хореографиялық ұжымдар байқауы қорытындыланды

Бірер сәттен соң фестиваль-байкаудың жеңімпаздары белгілі болады. Ал оған дейін көрермендер жергілікті шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалап жатыр.

Сонымен, марапаттау рәсімі де басталып кетті. Қатысушылардың ешбірі де елеусіз қалмады. Олар грамотамен марапатталып, 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі лауреаттар атанды.

Гран-прий иегерлерін анықтайтын уақыт жеткенде, Ресейлік “Улыбка” ұжымы аталды. Дәл осы бишілер кешті ашу мәртебесін де иеленді. Олар “Халықтық би” бағыты бойынша сынға түсті. Аталмыш ұжымның құрылғанына 8 жыл болыпты. Бұл олардың Қазақстандағы алғашқы жеңісі екен. Жеткіншектердің жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап тұр.

Елизавета Архипова – “Улыбка” хореографиялық ұжымының мүшесі, Қорған қаласы, РФ:

– Біз басты жүлдені жеңіп алғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Осы мақсатымызға жету үшін біраз тер төктік. Жалпы біз тек Ресейде ғана өнер көрсеткен едік. Енді осындай халықаралық фестивальдерге жиі қатысамыз деген ойдамын. Бишілердің барлығы жоғары деңгейлі дайындықтарын іс жүзінде көрсете білді.

Келесі болып сахнаға жергілікті “Движение” ұжымы шықты. Олар 1-ші дәрежелі лауреат атағын иеленгендердің қатарында. Жеткіншектер бұл фестивальге ұзақ дайындалыпты. Сондықтан, әділ қазылар олардың еңбектерін тиісті деңгейде бағалағанына дән риза.

Марьяна Ермоленко – “Движение” хореографиялық ұжымының мүшесі, Петропавл қаласы:

– Біздің ұжымдағы кіші, орта және ересек буын бишілерінің ешбірі марапатсыз қалмады. Осыған дейін де біз халықаралық байқауларға қатысқан едік. Жүлделі орындарымыз аз емес. Биыл да бар-күшімізді салып, бұл байқауда тиісінше өнер көрсеттік.

Валерий Хреновқа арналған келесі фестиваль 3 жылдан кейін өтеді деп жоспарланып отыр.

Молдир Макишева