МТРА жаңалықтары

Петропавлға 5 жедел жәрдем көлігі бөлінеді

Күнделікті облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығында күндіз 8, ал түнгі уақытта 9 бригада тынымсыз жұмыс істейді. Бір тәулікте олар 150-160 рет көмекке шығады. Бұрын жүктеме екі есеге көп болатын. Жаңа жылдан бастап жұмыс біраз жеңілдеген.

Мамадияр Байғұлов – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– 2018 жылы жаңа бұйрық шықты. Енді шақыртулар 4 категорияға бөлінеді. Жол көлік апаты, босану, инфаркт пен инсульт сынды науқастың өміріне қауіп төндіріп тұрған жағдайлар бірінші үш категорияға кіреді. Оған орталықтың бригадаларын жөнелтеміз. Ал қан қысымы мен дене қызуның көтерілуі, астма мен диабет сияқты созылмалы аурулар 4-ші категорияға кіреді. Оған қалалық емханалардан жедел жәрдем бригадалары жіберіледі.

4-ші катеогрияға кіретін шақыртуларға бару үшін орталық шаһардағы емханаларға 5 бригада бөлген. Содан бері жүктеме азайып, көрсетілетін көмектің сапасы артып, уақыты қысқарыпты.

Орталықта үш диспетчер бар. Олар тұрғындардың шағымдарын тыңдап, ақпаратты компьютер арқылы телефонистке жібереді. Өз кезегінде ол мекен-жайға бригаданы жөнелтеді. Ал күн ұзағына қала бойынша патрульдейтін жедел жәрдем көліктерінің әрқайсысы GPS навигатор арқылы бақыланып отырады. Биылғы жылы орталық су жаңа 5 көлік сатып алуды жоспарлап отыр. Жаңа тәртіпке сай олардың бәрі біркелкі сары түсті болмақ. Ескі машиналар да лимонның түсіне боялады.

Мамадияр Байғұлов – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

 

– Сондай-ақ биылдан бастап бір бригадада 2 фельдшер жұмыс істейтін болады. Бұрын 1-еу болатын. Бұл жұмыстың сапасын арттырып, жұмсалатын уақытты қысқартады. Тағы биыл жұмысымызды толықтай электрондық форматқа көшіріп, қағазбастылықты жоймақпыз. Тиімділік үшін әр бригадаға планшет бөлу көзделген. Алайда, бұл бастамаға әлі қаржы бөлінген жоқ.

Оқыс оқиға болса, жедел жәрдем бригадасы көмекке 10 минут ішінде жетуі тиіс. Ал адам өміріне қауіп төнбеген шақыртуларға дәрігерлер жарты сағатта келуге міндетті. Орталықтың көлікжайында қазір 16 машина бар. Ауырып қалған жерлестерімізге дер кезінде көмек көрсету үшін 230-ға жуық адам еңбек етеді. Облыстың 13 ауданында 20 шақты бригада тәулік бойғы көмекке сақадай сай отырады. Соған қарамастан, бүгінде орталықта дәрігерлер мен фельдшерлер тапшы.

Саят Ермек