Қазіргі күні өрімдей жастар арасында суицид оқиғаларының жиі болатындығы жасырын емес. Мәселен, өткен жылы теріскейде 6 бірдей ұл-қыз өз-өзіне қол жұмсап қаза тапты. Осы көрсеткіш бойынша өңіріміз елімізде алғынды орында тұр. Қоғамдағы өзекті мәселені міндетті түрде бір жақты ету қажет. Бұл ретте психологтарға артылар жүк ауыр. Сол себепті аталған мамандар өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында семинар-трениг өткізіп отыр.
Ирина Якимова – Психикалық денсаулық орталығы психологы:
– Бүгін біз қала мектептері мен колледж психологтарына арнап семинар-трениг ұйымдастырып отырмыз. Шараға 70-ке жуық адам қатыспақ. Бұл жиында мамандарды балалардың бойына сенімділік беру бағытында оқытамыз. Өмірлік дағдыларға бейімдейміз. Егер де ұл-қыздар күйзеліске түссе, оларды сол қиындықтан арылту жолдарын үйретеміз.
Оқушылар көбіне күйзеліске маңызды сынақтардың салдарынан ұшырайды. Солардың бірі – ұлттық біріңғай тестілеу. Осы жауапты емтиханға жастарды психологиялық тұрғыда да жақсылап дайындау қажет. Бұл жұмыстар педагог-психолог Нұргүл Рахметова қызмет ететін Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте тұрақты түрде атқарылады. Білім ұясында әр апта сайын түлектерді аутодеструктивті мінез-құлықтан арылтып, бойларына сенімділік қалыптастыру мақсатында кездесулер өтіп тұрады екен.
Нұргүл Рахметова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің педагог-психологы:
– Сонымен қатар тоқсанына бір рет ата-аналар жиналысы өтеді. Сонда әке-шеше, оқушы үрдісін ұйымдастырып балаға көмек береміз.
Тағы, семинар-тренинг барысында суицидтен басқа жастар арасында кең етек жайған нашақорлық тақырыбы талқыланды. Өзекті мәселе жайлы видео да көрсетілді.
Айта кетейік, 2-ші қалалық емханада күйзеліске түскен жандарды қабылдайтын менталдық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. Онда ересектерден бөлек, жасөспірімдер де жиі барып тұрады екен.
Елена Зель – 2-ші қалалық емхананың психологы:
– Бізге көбіне өзін-өзіне қол жұмсаған балалар келеді. Оларға ақыл-кеңесімізді айтамыз. Енді, мұндай жағдайды қайталамау керектігін жақсылап түсіндіріп, ескертеміз. Кейін, сол жандармен байланысты үзбейміз. Үнемі тексереміз. Ал, жағдайлары тіпті нашар жандар психоневрологиялық диспансерге жіберіледі.
Жалпы, өткен жылы 2-ші қалалық емханадағы менталдық денсаулық кабинетіне 340-тан астам жасөспірім барыпты.
Байболат Култанов