Білім

Абай және Мағжан оқуларының өңірлік кезеңі өтті

Қазақ классикалық әдебиетінің жарық жұлдыздары Абай мен Мағжан оқуларының облыстық кезеңі аудындық және қалалық байқауларда топ жарған кілең дарынды-мықтылардың басын қосты. Қатысушы мектеп оқушыларының саны 100-ден асып жығылады.

Нұрлан Садықов – білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Осы арқылы біз жастарды әдебиетке баулимыз. Қазақтың философиясын, кешегі мен бүгінін осы ұлы тұлғалардың шығармаларынан таниды.

Барлығы бес аталым. Болашақ ғалымдар Мағжанның өмірі мен өлеңдері төңірегінде жазған зерттеу жұмыстарын қорғады. Ал көрші сыныпта – эсселер байқауы жүріп жатыр. Жас жазушылар екі тұлғаның ұлттық әрі әлемдік әдбиеттегі рөлін қаламмен айқындап берді. Тағы бір аталым – Абай мен Мағжанның туындыларын жатқа оқу.

Қазір қазылардың алдында Ақжардан келген Мәрлен Сәрсенбайұлы көсіліп жатыр. 8 сыныпта ғана оқитын ол Абайдың 64 өлеңін, тағы Ескендір мен Масқұт поэмаларын бастан аяқ жатқа біледі. Қазылар бұл туындылардың кез келгенін сұрайды. Оларды Мәрлен мүдірмей, мәнерлеп тұрып оқып берді.

Мәрлен Сәрсенбайұлы – байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:

– Менің бір дарыным – оқыған нәрсемді тез қағып аламын. Шығарманы 10 рет оқып жаттаймын. Түсінбеген нәрсем көңілге қонбайды.

Дәстүрлі оқуларға тек қазақтар ғана емес, қазақ әдебиетіне бүйрегі бұратын өзге ұлт өкілдері де қатысты.

Бұлбұл дауысты Алиса Зинченко өз бағын әншілер байқауында сынады. “БЭСТ” гимназиясының оқушысы Абайдың “Көзімнің қарасын” опералық дауыспен орындап берді.

Алиса Зинченко – Байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қалалық оқуларда 2 орынды иеленген едім. Өнерімді бағалап қазылар өңірлік кезеңге жолдама берді. Абай композитор ретінде маған өте ұнайды, әндерін сүйіп айтамын. Бүгін де бағым жанады деген үміттемін.

Ойы терең, қаламы ұшқыр жас ақындар да сынға түсті оқуларда. Олар Мағжан мен Абайға арнаған жыр шумақтарын оқыды. Қатысушылардың өнері мен талабын сынайтын қазылардың құрамы мықты. Арасында жерлес әншілер, жазушылар, оқытушылар мен ғалымдар әрі ақындар жетерлік. Сондықтан сайыскерлерге қойлар талап та күшті.

Аманжол Зағыпар – қазылар алқасының мүшесі, ақын:

– Дарынды балалар бар. Бұлақ көрсең көзін аш дейді. Олардың өлеңдерін теориялық жағынан және ой жүйрігін саралап, сараптаймыз.

Биыл Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы тойлануда. Облыстық кезеңде үздік шыққандар ақынның мерейтойына орай маусым айында өтетін республикалық додаға жолдама алды.


 

Саят Ермек