Мәдениет

Хореографиялық ұжымдардың фестивалі басталды

“Би – рух тынысы” атты халықаралық фестиваль-байқауы 1999 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл конкурс Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Василий Хреновты еске алуға арналған. Сайысқа Қазақстан мен Ресейден келген 700-ге жуық жеткіншек қатысуға ниет білдірген екен. Оларды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, баршасына сәттілік тіледі.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Барлық қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтаймын. Бұл өңіріміздегі балалар мен жасөспірімдер шығармашылығындағы маңызды оқиға. Бүгін барлығы жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін.

Сахна шымылдығын теріскейлік “Мәңгілік” би ансамбілі ашты. Кейін ортаға өзге үміткерлер шықты. Жалпы 30-ға жуық хореографиялық ұжым “Эстрадалық”, “Халықтық” және “Заманауи” би түрлері бойынша өзара сынға түседі. Солардың арасында Шығыс Қазақстан облысының “Гранж” хореографиялық би ұжымы да бар. Бүгін мына жеткіншектер көрермендерге “Ой, снег, снежок” биін ұсынды.

“Гранж” би тобының мүшелері аталмыш байқауға 3 ай бойы дайындалған екен.

Арна Дарханқызы – “Гранж” би тобының мүшесі, ШҚО:

– Сайысқа көп дайындалдық. Киім тіктірдік. Осы сайысты асыға күткен едік. Байқауда бірінші орын аламыз деп үміттенемін.

Ал мына қыздар жергілікті “Арабеск” би тобының орта буынында өнер көрсетеді. Үнді елінің “Болливуд” биін таңдаған олар біркелкі қиымыл-қозғалыстарымен көрермендердің назарын бірден өздеріне аударды. 9-10 жасар жеткіншектер осыған дейін де талай байқауларға қатысып үлгерген.

Ольга Склярова – “Арабеск” би тобының мүшесі, Петропавл қаласы:

– Біз би байқауларына жиі қатысамыз. Сондықтан, өз күшімізге сенімдіміз. Тобымызда 14 қыз бар. Бүгінгі байқауға 1 ай дайындалдық. Биіміз көрермендерге ұнады деген ойдамын.

Байқау екі күнге созылмақ. Сайыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Сондай-ақ, қатысушыларға Омбы мен Алматы қаласынан арнайы келген би өнерінің майталмандары шеберлік сағатын өткізеді.


Молдир Макишева