Қоғам

“Жеңіс шексіз” авто-мотошеруінің аясында концерт өтті

“Темная ночь”, ” В землянке”, “Катюша”. Міне, осы іспеттес соғыс жылдарындағы әндерді сахна төрінде ресейлік меймандар орындап жатыр.

Инна Субботина бұл туындыларды жанды дауыста шырқап жатыр. Ал, мәскеулік тәжірибелі музыкант Алексей Сидоров оның әндерін гитарамен сүйемелдейді. Оның бұл ұжымда жүргеніне 2 айдай болыпты. Аз ғана уақыт ішінде олар 6 бірдей концертте бірге өнер көрсетіп үлгерген.

Алексей Сидоров – музыкант, РФ,Мәскеу қаласы:

 


–  Біз Қазақстанның Шымкент, Алматы және Астана қалаларында концерт бердік. Өнер сүйер қауым бізді құшақ жая қарсы алып, өздерінің оң бағаларын берді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.

Жалпы бүгінгі мерекелік кеш “Жеңіс шексіз” Халықаралық медиа-экспедициясының аясында өткізілуде. “Pro-Studio” продюсерлік орталығы осы жобаның мүшелерімен бірге саяхаттап, әр қалада концерттік бағдарламаларын қойып жүр.

Елена Прокудина – “Pro-Studio” продюсерлік орталығының бас директоры, РФ, Мәскеу қаласы:

 

– Бұл жобаның идеясы өткен жылы 9 мамыр мерекесінде байкерлерімізге келген болатын. Мотоцикл жүргізуге құмар жандар ең әуелі Ресейдің Волоколамск қаласына дейін шеру жасауды ұсынды. Осылайша, қараша айында осы жобаны іске асыру бойынша жоспар құрып, бағыт-бағдар жасадық.

Авто-мотошерудің мүшелері біздің елдегі саяхаттарын аяқтады. Енді олар Ресей, Армения, Грузия және Белорусь елдерін араламақ. “Жеңіс шексіз” медиаэкспедициясы Белорусь Республикасының Брест қаласында маусымның 22-і, яғни неміс басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасаған күні өз мәресіне жетеді.

Тогжан Акмагамбетова