Без категории

Жеңіс күніне орай автошеру өтті

Осымен 7-ші жыл қатарынан “Жеңіс-бәріне ортақ” халықаралық медиа-экпедициясының автошеруі Ресей мен көршілес елдердің қалаларын аралап жүр. Ендігі кезек Петропавлға да келіп жетті.
Экспедиция қатысушылары ең алдымен “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жалпы 23 адамнан құралған команда биыл 9 мың шақырым жерді бағындырмақ.

Николай Забалотнев – “Жеңіс-бәріне ортақ” халықаралық медиа-экспедициясының ұйымдастырушысы:

– Югра қаласының жастар парламентінің ұйымдастыруымен автошеру 2012 жылы басталған болатын. Осыдан кейін бұл шара дәстүрге айналды. Биыл шеруімізді Нижневартовск қаласынан бастадық. Қазақстанға бірінші рет келіп отырмыз. Барлық аумақтарды сирек кездесетін 5 бірдей ГАЗ М-20 – “Победа” көлігімен аралап жүрміз.

Бұл – Андрей Фунтовтың көлігі. Ол бұл медиа-экспедицияға 3-ші рет қатысып отыр. Азамат өзінің темір тұлпарын осыдан 10 жыл бұрын 20 мың рубльға сатып алған екен. Содан бастап көлігіне жақсы күтім жасайды. Жарты жыл сайын жөндеуден өткізіп, әрлеп-сырлап отырады.

Андрей Фунтов – “Жеңіс-бәріне ортақ” халықаралық медиа-экспедициясының қатысушысы:

– Бұл машина 1955 жылы шығарылған. Көлік ескі болған соң кез келген уақытта сынып қалуы мүмкін. Сондықтан, әрқашан құрал-саймандарын бірге алып жүремін. Көшеде кейбіреулері бұл көлікпен суретке түсуді өтінеді, енді біреулері жүргізіп көруді сұрайды.

Әрбір көліктің өз атауы бар. Мәселен, мынау – Катюша. Темір тұлпар 1954 жылы Урал қаласындағы Горький автомобильдік зауытында жасалған екен.

Ал, мына көліктің аты – Смуглянка. Ол 1951 жылы Ханты-Мансийск қаласында шығарылды. Жасы жарты ғасырдан асқан ретрокөлік сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бірнеше рет жөндеуден өткен темір тұлпар әлі күнге дейін әдемі көрінісін жоғалтпаған.

Экспедиция қатысушылары ретро көліктерін тізгіндеп, 314-атқыштар дивизиясының құрметіне орнатылған ескерткішке де келіп қалды. Бұл жерде де олар ескеркішке гүл шоқтарын қойып, жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Кейін экспедиция мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейіне аттанды. Мұнда қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері меймандарға осындай шараны ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, соғысқа қатысқан ерлердің есімі жазылған 2 кітапты сыйлады. Сонымен қатар, қарттардың бірі өзі жазған өлеңінен үзінді оқып берді.

Петропавл қаласынан кейін меймандар Көкшетауға аттанбақ. Қазақстанды түгел аралап өткеннен кейін олар Қырғызстан мен Өзбекстанға жол тартады. Бұл автошеру дәстүрлі түрде 9 мамыр күні Ханты-Мансийск қаласында өтетін парадқа қатысумен аяқталады.


Молдир Макишева