Без категории

Тұрғындар мерекелік шараларға қатысты

Жеңіс күні әскери-патриоттық әндер қаламыздың түкпір-түкпірінен естілді. Өңір өнерпаздары отты жылдары сарбаздарды жігерлендірген үздік әндерді әуелете шырқады.

Мамырдың 9-ында күн де шуағын молынан төгіп тұр. Бас алаңға жиналған халықтың қарасы қалың. Петропалдықтар мен қала қонақтары отбасы мүшелерімен бірге келген. Біразы концертті тамашалап, субұрқақтың саясында демалуда.

Мирас Сүлеймен:


– Менің атам соғыста мерген болды. Бір қолынан жарақат алып үйге оралды. Мен атамды мақтан тұтамын. Аспанымыз ашық болсын. Адамдар тату-тәтті күн кеше берсін!

Осы маңда ІІД ұжымы шатырлар жайып, келушілерге әскери ботқа таратты.

Марат Омаров – СҚО ІІД шаруашылық бөлімінің меңгерушісі:


– Мың адамға арнап жауынгерлік ботқа және сонша шай береміз. Ботқаны соғыс жылдарындағы рецептімен әзірледік.

Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдында “Солтүстікқазақстандық батырлар” атауымен фотосуреттердің көрмесі ұйымдастырылды. Мерекені атап өту үшін орталыққа шыққандар осы жерде сәл аялдап, бала-шағаларына ержүрек жауынгерлер туралы қысқаша мәлімет беріп жатты.

Осы жерде майдан даласынан әкелінген қару-жарақтармен де танысу мүмкіндігі берілді. Мәселен, жерлестеріміз Драгунов пулемётін қолдарымен ұстай алды. Музей қызметкерлері келушілерге өзге де бұйымдар жайлы ақпарат берді.

Берик Касен