Спорт

Жерлесіміз халықаралық байқаудан жүлделі оралды

– Бодибилдинг – елімізде жаңа дамып келе жатқан спорттың ерекше түрі. Мұнда ең бастысы – сымбатты дене бітімін қалыптастыру. Ал керекті нәтижеге қол жеткізу үшін көп тер төгу қажет.

Қазір Екатерина Шаламова күнделікті жаттығуларын жасап жатыр. Спорттың бұл түріне ден қойғанына 5 жыл болыпты. Бұл аралықта спортшы қыз денесін жан-жақты жетілдіріп, нәтижелерін жыл сайын жақсартып отыруға тырысқан. Бүгін еңбегінің жемісін көруде. Нәзік жанды бодибилдинг және фитнестен өткен 52-ші Азия Чемпионатында жеңімпаз атанды. Ал 2-ші орынды Қытай қызы еншілесе, 3-ші орын қырғызстандық аруға бұйырыпты.

Екатерина Шаламова – бодибилдинг және фитнестен 52-ші Азия чемпионатының алтын жүлдегері:

– Мен бодибилдингтің фитнес-бикини санатында бағымды сынадым. Біз, ең алдымен, салмағымыз бен бойымызға қарай топтастырылдық. Кейін ішінара жеңімпаздар анықталып, өзара сынға түсті. Қазылар алқасы сайыскерлерді дене бітімі мен бет-әлпетімізге қарай бағалады. Өткен жылы қола медальға ие болсам, биыл бағым жанып бірінші орынды еншіледім.

28 жастағы спортшы жергілікті банктердің бірінде менеджер болып қызмет етеді. Сүйікті жұмысынан бөлек, күнделікті бодибилдингке көңіл бөлуді де ұмытпайды. Нәзік жандының барлық жаттығуларды нормаға сай орындауын бапкері Роман Джантлеев қадағалайды. Олар залда жұмасына 4 реттен жаттығады екен.

Роман Джантлеев – бапкер:

– Ал байқау алдында тәулігіне тіпті 2 реттен дайындалдық. Күнде барлық бұлшық еттерге жаттығу жасап, диетаны қадағаладық. Жалпы мұндай дәрежеге жету үшін спортшылар 4-5 жыл еңбектенулері қажет. Себебі, бұл оңай шаруа емес.

Ал қазір спортшы жарты жылдан кейін Польшада өтетін Әлем Чемпионатына дайындығын бастап кетті. Айта кеткен жөн, халықаралық жарыста Қазақстандықтар бодибилдингтен алғаш рет жеңімпаз атанып отыр.

Молдир Макишева