Без категории

Ұлы Жеңіске – 73 жыл

92 жасқа келген Петр Каукин қазір Қызылжар ауданына қарасты Красноярка елді мекенінде тұрады. Әлі тың, үй шаруасын өзі атқарады екен. Тіпті, былтырлары бақшаға сарымсақ егіп, соның күтімімен айналысқан. Қария аштық, ҰОС, тың игеру мен еліміздің егемендік алу сынды тарихи кезеңдерінің куәгері. Петр Каукиннің басына түскен жайттар оны ерте есейткен. Майдан шебіне де ол бозбала шағында аттанды.

Петр Каукин – ҰОС ардагері:


–  1944 жылдың қаңтарында 17 жасымда әскер қатарына шақырылдым. Мергендер мектебінде оқуымды аяқтаған соң майдан шебіне аттандық. 3 күн бойы жаяу жүрдік. Демалуға 10 минут қана уақыт беретін. Ес-түссіз құлайтынбыз. Аяқтан аяқ қалмай, мүйізгек шығып, қансырап қалдық.Осылайша 225 шақырымды өтіп, Польшаның Кольберг қаласына жеттік.

Алайда, қолына алған қаруын әлі жауға көздеп көрмеген Петр Каукиннің алғашқы оғы өз Отандасына атылыпты. Жауынгердің полкі 1941 жылы қан майданға аттанып, бірақ қашып жүрген сарбазды ұстаған екен. Ардагердің айтуынша, бұл оқиға оның есінде мәңгіге қалды.

Петр Каукин – ҰОС ардагері:

– Қолымызға сатқын түсті. Соғыс басталғалы бері қашып жүрген екен. Біз оны Латвиядан ұстап алдық. Ол кезде жағдай басқаша болатын. Барлық сарбаздарды жиналып, оны қоршап алдық. Сатқынның ісі бойынша кәдімгідей сот отырысы өтіп, үкім шығарылды. Мен оның дәл қасында тұрдым. «Отан сатқыны ату жазасына кесілсін» деген сәтті ақ, оның қорыққаны соншалық шашы ағарып кетті.

Жауынгер Польша елінен бастап, Германияға дейін бірақатар қалаларды жау қолынан босатуға ат салысқан. Ал, жеңіс күнін ол сол мемлекеттегі Нойштешин қаласында қарсы алыпты.

Петр Каукин – ҰОС ардагері:

 

– 14-38 Сәуірдің 30-ы күні бізге Германия жеңілді деген хабар жетті. Осылайша, көп болмаса да соғыстың тауқыметін көрдік. Әкем мен ағам қан майданға аттанып, оралмады. Елде күтіп отырған анам болса, ауыр сырқаттан көз жұмды. Соғыстан келген соң, 11 жастағы қарындасымды қоластыма алып, отбасы құрдым.

Қазір қарияның 5 қызынан 8 немере мен 12 шөбересі бар. Апта сайын олар аталарына келіп тұрады екен. Соғыстан соң, Петр Каукин совхозда қызмет етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосқан. Мамырдың 5-інде ардагер 93-ке келеді. Бірақ, қарт үшін басты мереке – Ұлы Жеңіс күні!


Эльмира Сәдуақасова